Шағандық шаруашылық тартуы

1315

0

Спорт күні қарсаңында Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының «Шаған жер» серіктестігі директоры Жеңісбек Сыздықов балаларға тарту жасады. Құны 10 миллион теңгені құрайтын спорт алаңында енді шағандық балғындар жаттығу жасап, футбол және баскетболмен шұғылданатын болады.

Жаңа спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі М.Ергешбаев қатысып, балғындарды құттықтады.

– Ел келешегі – өскелең ұрпақ. Сондықтан біз олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз.

Мемлекет басшысы да балалар ойнайтын, спортпен шұғылданатын алаңдарды көптеп салуымыз қажеттігін айтып келеді.

Міне, бүгінгі шағын спорт алаңы «Шаған жер» серіктестігінің балаларға арнаған үлкен тартуы деп білемін. Осы жерден болашақ спортшылар мен ел абыройын асқақтататын дарабоздар шығады деп сенемін. Себебі балаға құйылған инвестиция – ел болашағының жарқын кепілі. Бүгінгі күнді мерекеге ұластырып, жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан шаруашылық басшысы мен серіктестік ұжымына шынайы алғысымды білдіремін,– деді аудан әкімі.

Сонымен қатар «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, елге қамқор болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев бата беріп, ақ тілегін арнады.

Іс-шара соңында аудан басшысы №6 егін бригадасындағы мақсары жинау науқанын көріп, еңбеккерлермен тілдесті.

Еске сала кетейік, «Шаған жер» ЖШС – 300-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған аудандағы іргелі шаруашылық. Дала еңбеккерлері биыл 2900 гектар алқапқа Сыр маржанын егіп, одан мол өнім алуға ниетті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<