Шектеулерге қарсылықтың себебі не?

632

0

«2020 жылдың көктемінде коронавирус өрши түскенде локдаун енгізудің өлім көрсеткішінің төмендеуіне әсері шамалы болды». Джон Хопкинс университеті сарапшыларының жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Олардың айтуынша, 2 жыл бұрын АҚШ пен Еуропада енгізілген локдаун нәтижесінде өлім көрсеткіші небәрі 0,2 процентке ғана төмендеген. Ал шараның экономикаға келтірген шығыны орасан зор.

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері шектеу шараларын алып тастауға әлі ерте дейді. Өйткені кей елдерде вакциналау деңгейі төмен.   Бірақ «шектеулер бизнеске ауыр соққы болды» дегенді алға тартқан Еуропадағы бірнеше мемлекет билігі оларды алып тастау шешімін қабылдады. Олардың қатарында Ұлыбритания, Франция, Дания, Нидерланд елдері бар. Мамандардың түсіндіруінше, басқа мутациялармен салыстырғанда, бұл елдерде ауыр жағдайдағы науқастар саны айтарлықтай аз. Ал, Грузия жасыл төлқұжаттан бас тартты. Енді қоғамдық орындарға QR-кодсыз кіруге болады.

«Омикрон штамы тез тарайды. Бірақ жеңіл өтеді. Бұл ретте әлемдік тәжірибені ескере отырып, мекемеаралық кеңес жасыл төлқұжатты алып тастауға шешім қабылдады. Алайда коронавирусты тіркеу жүйелердің барлығы күшінде қалады. Сондай-ақ шетелге шығатын азаматтар жасыл төлқұжатты пайдалана алады», – деді Грузияның  COVID-19 дертімен күрес кеңесі жедел штабының басшысы Георгий Гибрадзе.

Өте жұқпалы, бірақ халықтың басым бөлігіне қауіпті емес «Омикрон» штамының тез таралып жатқанына қарамастан, бірқатар елдердің мұндай қадамға баруы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отыр. Олардың пайымынша, вирус тағы мутацияға ұшырауы мүмкін.

«Біз барлық мемлекетті қолда бар құралдарды пайдалана отырып, өз тұрғындарын қорғауға шақырамыз. Бұл – тек вакцина емес. Жеңіс туралы жар салу әлі кез келген мемлекетке ерте. Бұл вирус қауіпті, ол біздің көз алдымызда дамып жатыр»,– деді ДДҰ бас хатшысы Тедрос Аданом Гебрейесус.

Дания – ақпан айынан бастап барлық шектеуді алып тастап жатқан Еуропалық одақтағы алғашқы мемлекеттердің бірі. Норвегия да осы жолмен жүруде, онда қашықтан жұмыс істеуді және адам көп жиналатын орындарда шектеулерді алып тастап жатыр. Франция да матчтарға, концерттерге лимитті алып тастауда. Бірақ мұндай жеңілдетулер тек вакцина алған азаматтарға қатысты. Кейбір бақылаулар тек келетін шетелдіктер үшін қалады, бірақ Копенгагенде бұл ұзаққа созылмайды деп үміттенеді. «Енді бетперде киюдің қажеті жоқ. Енді бізде таңдау бар: не өзімізді қорғауға, не еркін жүруге тиіспіз».

Осылай деген Премьер-министр Метте Фредериксен елдің «коронавирусқа дейінгі өмірге» оралатынын мәлімдеді. Даниялықтардың 80%-і вирустан қорғалған деп саналады. Бұлар – вакцинацияланған және сауығып кеткен азаматтар.

Жоғарыда айтқанымыздай, Еуропа елдері мен Канада тұрғындары COVID шараларына қарсы наразылық білдіруде.  Мәселен, Испанияның Мадрид қаласының көшелеріне жүздеген адам шығып, COVID-ке қарсы саясат пен шектеу шараларына наразылық білдірді. Ел билігі 10 ақпаннан бастап көшеде міндетті түрде маска тағудан бас тартуды жоспарлап отыр, бұл шараны сейсенбіде Министрлер кабинеті бекітуі тиіс. Қазіргі уақытта 12 жастан асқан испандықтардың 90%-і коронавирусқа қарсы толық екпе алған. Роттердамда ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мыңдаған адам үкіметтің коронавирустың таралуын тоқтату шараларына қарсы демонстрацияға қосылды. Шара бейбіт түрде өтті. Ұйымдастырушылар алдағы апталарда бірқатар акция өткізбек. Ал Оттавада 29 қаңтардан бері канадалық жүк тасымалдаушылар ұйымдастырған вакцинация паспортына қарсы наразылық шаралары өтуде. Канада астанасының билігі мен полициясы бұдан былай жағдайды бақылай алмайтынын және наразылықты тоқтату үшін қосымша ресурстар қажет екенін мойындады. Оттава үкіметі қалада төтенше жағдай жариялады.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<