Шетелдік көліктерді заңдастыру басталды

547

0

Фото: ашық дереккөз

Кеше шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Қазақстан азаматтары сырттан әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер және рөлі оң жақтағы автокөліктерді заңдастыру 1 шілдеге дейін жүргізіледі.

Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе мамандандырылған ХҚКО-ға жеке жүгіну арқылы беруге болады. Онда тек көлікті заңдастыруға құжаттар қабылдайтын арнайы секторлар жұмыс істейді. Сонымен қатар онда заңдастыру ережелерін түсіндіретін әкімшілік полиция қызметкері болады. Ал заңдастыру туралы шешім екі күн ішінде қабылданады.

Автокөлікті заңдастыру үшін өтінім, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат талап етіледі. Нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Онда қабылданған шешім нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет.

Заңдастыру кезіндегі негізгі төлем – 200 мың теңгені құрайтын бастапқы тіркеу алымы. Сонымен қатар мемлекеттік нөмірге 9660 теңге және техпаспорт үшін 4313 теңге төленеді. Осыдан кейін өтініш иесі тіркеу құжаттарын және Қазақстанның мемлекеттік нөмірін алады.

Айта кету керек, шетелдік есепке алынған автокөліктерді заңдастыру – бір реттік акция. Ол үшін автокөлік елге былтырғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және криминалдық есепте болмауы тиіс. Басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы керек. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік, кедендік тазартудан өтуі қажет.

Заңдастырудың Үкімет бекіткен ережесі мен талабының бизнеске арналған автокөліктерге қатысы жоқ. Оның қатарында жүк таситын ауыр көліктер мен автобустар бар. Ауыр жүк көліктері мен автобустардың заңдастыруға жатпайтын себебі – аталған көлік түрлері коммерциялық, яғни бизнеске арналған транспорт. Дегенмен аталған автокөлік түрлері жеке мақсатта қолданылатын болса, онда заңдастыруға жатады.

Шетелдік автомобильді тіркемеген жағдайда заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Еліміздегі шетелдік көліктердің дені сақтандыру полисі негізінде қолданылып жүр.

Егер автомобильді белгіленген  уақытта заңдастырмаған жағдайда сақтандыру полисі тоқтатылып, көлік коммуналдық автотұраққа қойылады. Бүгінде ел аумағында сақтандыру полисі арқылы жүрген 300 мыңнан астам шетелдік автомобиль бар.

Бір күнде еліміз бойынша 2000-нан астам өтінім мақұлданған. 100 азамат тиісті құжаттарын алған. Ал қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 200 адам өтініш білдіріп, 18 азамат көлігін заңдастырған. Қызылорда қаласының тұрғыны Бақдәулет Қайырбек Грузиядан әкелген автокөлігін бірінші болып рәсімдеп, полиция қызметкерлеріне алғысын айтты.

– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында автокөлігімді заңдастырып рәсімдедім. Бұл маған әлдеқайда оңай болып, алысқа бармай,  қаламызда тіркеп, тиісті құжаттарды алып отырмын. Полиция қызметкерлеріне және Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына рахметімді айтамын, – деді ол.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<