Шыны зауыты Тәуелсіздік тойында іске қосылғалы тұр

578

0

Жұқпалы індет әлем елдерінде көптеген қиындық тудырды. Оның зардабы, әсіресе, шағын және орта бизнесті, ірі өнеркәсіптерді шатқаяқтатып кетті. Шекаралар уақытша жабылып, тауар айналымы тежелді. Тауарларды айтасыз, адамдардың шекарадан өтуіне рұқсат берілмей қалған кездер де орын алды. Дәл осындай жағдайдың әсерінен Қызылорда қаласындағы салынып жатқан шыны зауыты құрылысында тағы да іркіліс пайда болған еді. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының 80%-тен астамы аяқталып, ендігі қалған негізгі жұмыс – зауыттың балқыту ваннасы мен күйдіру пеші қондырғыларын орнататын мамандарды елге кіргізудің өзі өткір мәселеге айналды.

Гүлшара Әбдіқалықова облысқа басшы болып келген сәттен, осы айтулы нысанның құрылысы қайта жандануы үшін қолдан келер шаралардың бәрін жасады. Соның нәтижесінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін жұмылдыра отырып, зауыт құрылысының бас мердігері – қытайлық «Чайна Триумф Интернешнл Инжиниринг» трансұлттық компаниясы басшылығымен зауыт құрылысын аяқтау туралы ортақ келісімге келген еді. Сол келісімге сай ол жақтан мамандар келіп іске кірісуі қажет болған кезде пандемия салдарынан қиындықтар туындады. Бұл қиындықты еңсеру үшін де облыс басшысы Үкіметке шығып, зауыттың балқыту ваннасы мен күйдіру пешін орнататын қытайлық мамандардың тезірек шекарадан өткізілуіне ықпал жасалуын сұрады. Мамандардың алғашқы легі осы жылдың мамыр айында келіп жұмысқа кірісті. Көп ұзамай, қажетті мамандар толығымен жетіп, жұмысты жандандыра түсті. Сол уақытта мамандармен тілдескенімізде пештің құрылысы қараша айында аяқталатыны туралы айтқан болатын.

Ал, өткен сенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Бүгін Сыр еліндегі үлкен зауыт болғалы тұрған шыны зауытының жұмысын көруге бардым. Зауыт жұмысындағы ең негізгі болып саналатын пештің соңғы 4 кірпішін қаладық. Шыны зауытының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Құдай қаласа, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын салтанатты түрде атап өтер кезде беріп қаламыз деген ойым бар» деген қуанышты хабарды бөлісті.

Бұл жөнінде «Orda Glass Ltd» ЖШС директоры Ержан Сағымбаев қосымша түсінік беріп өтті.

– Күйдіру пеші зауыттың жүрегі іспеттес, яғни ол ең негізгі қондырғы саналады. Облыс әкімі оның соңғы кірпіштерінің қалануына куә болып қана қоймай, өзі де үлес қосты. Енді қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында пештің алғашқы сынақ түріндегі қосулары болады. Ал пештің негізгі қосылуы желтоқсан айының орта шамасында жүзеге асуы тиіс. Міне, сол сәтті зауыттың іске қосылуы деп толығымен айта аламыз, – деді серіктестік директоры.

Әйтсе де, маман сөзінен білгеніміздей, пеш қосылғанымен өнім шығару ә дегеннен жүзеге аса қоймайды екен. Пеш қосылып, оны қалыпты шамаға дейін қыздыру үшін біраз уақыт керек. Содан кейін барып оның балқыту ванналарына шыны өндіруге құм және басқа да қажетті шикізаттарды сала бастайды. Мұнан соң шыққан өнім де бірден сапалы бола қалмайтын көрінеді. Бұл – әлемдегі барлық іске қосылған шыны зауыттарына тән құбылыс. Кемінде екі ай уақыт қажет. Кейбір зауыттарда сапалы өнім шығаруға алты айға жуық уақыт кетеді екен. Ол енді технологтардың кәсіби шеберлігіне байланысты. Ал Қызылордада жұмыс істеп жатқан технолог мамандар пеш қосылғаннан екі ай  өткен соң сапалы өнім шығара бастаймыз деп сендіруде. Наурыз айында өнім шығаруға қол жеткізілгенмен, ол уақытта шыныға сұраныс бола бермейді. Тек сәуір айы туған соң ғана өнімді нарыққа шығара бастауға болады.

Қазіргі күні шыны зауыты құрылысында Қытайдан келген 83 маман еңбек етіп жатса, оның 64-і тікелей пешті құрумен айналысуда. Мұнан бөлек, 115-ке жуық өз адамымыз сыртқы жұмыстарды атқаруда. Олардың барлығы да зауыт құрылысының уақытында іске қосылуы үшін еңбектенуде.

Шын мәнінде, өте ауқымды жобаның іске қосылуы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына лайықты тарту болғалы тұр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<