Спорт жаңалықтары

1180

0

Айзада – жеңімпаз

Түркияда өтіп жатқан V Ислам ойындарында ауыр атлетикадан +87 келіде сынға түскен Сыр спортшысы Айзада Мүптілдә жеңімпаз атанды.

Айзада серпе көтеруде 116 келі, жұлқа көтеруде 150 келіні бағындырып, Ислам ойындарының рекордын орнатты. Спортшымыз жалпы жарыс қорытындысы бойынша 266 келі зіл темірді көтеріп, 1-орын  иеленді.

«Қайсардың» кубоктағы қарсыласы анықталды

Футболдан Қазақстан кубогы ширек және жартылай финал ойындарының жеребесі тартылды.

Ширек финалда Қызылорданың «Қайсары» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен кездеседі. Өзге жұптарда «Тараз» бен «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат» (Алматы) пен «Ақжайық» (Орал), «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) өзара шеберлік байқасады.

Ал Қазақстан кубогының жартылай финалына шыққан жағдайда қызылордалық клуб «Астана» мен «Мақтарал» жұбының жеңімпазымен кездеседі. «Қайрат» пен «Ақжайық»  арасындағы жеңімпаз жартылай финалда «Тараз» бен «Шахтер» ойынының жеңімпазымен жасыл алаңға шығады.

Айта кетсек, Қазақстан кубогының топтық кезеңі 8 шілдеде жалауын көтерді. Ол 15 тамызда мәресіне жетті.

Тоспадоп тартысы

ҚР Спорт күніне орай «Мұз айдыны» спорт кешенінде волейболдан жарыс ұйымдастырылуда.

Оған облыстық мәдениет және спорт басқармасы, оған қарасты мекемелер және қалалық спорт бөлімі қызметкерлері қатысуда.

Ойын тәртібі бойынша төрт топ құрылды. Әр топтан жеңімпаз бір команда анықталмақ. Олар ақтық бәсекеде сынға түседі.

Қолдау және насихаттау

Сырдария ауданында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында денешынықтыру пәнінің мұғалімдері арасында футзалдан жарыс өтті.

Іс-шараның мақсаты белгілі, жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау және көмек көрсету. Сондай-ақ, бұл салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау көрінісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<