Спортшылар құрметке бөленген күн

1108

0

Спорт күніне орай «Мұз айдыны» кешенінде өткен мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, сала ардагерлері, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.

Көпшілік алдында Н.Сақтағанов құттықтау сөз сөйлеп, спортшылардың жетістігі жөнінде ой бөлісті. Оларды мерейлі мерекемен құттықтап, толайым табыс тіледі. 

Ал облыстық спорт ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсыбек Егізбаев аға буын атынан жүрекжарды лебізін білдірді. Салтанатты шарада Ислам ойындарында ауыр атлетикадан қола жүлдегер болған Асылжан Бектайға лайықты құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, еңбегі сіңген жаттықтырушылар мен спортшыларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің спорттық атағын беру туралы куәліктер табыс етілді. Бірқатар қызметкер облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.

Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы облыстық филиалының төрайымы Раушан Үмбетова Сыр спортын дамытуға үлес қосқан қызметкерлерге «Еңбек даңқы» төсбелгісі мен алғыс хат табыстады.

Облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Шәукенбаев аталған салада ел біріншілігі мен халықаралық жарыстарда топ жарған жастарға алғыс хат пен арнайы сыйлықтар берді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<