Сырдария өзенінде ахуал тұрақты

1118

0

Сырдария өзенінде ахуал тұрақты, су деңгейі бірқалыпты жағдайда екенін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Арал-Сырдария бассейндік инспекция басшысының міндетін атқарушы Зейнолла Қазтоғанов мәлімдеді.

Қазіргі таңда Шардара су қоймасына секундына 1453 метр су келіп жатыр. Шардара су қоймасындағы су көлемі 4633 млн. текше метр, оның төменге тасталып жатқан су көлемі секундына 900 текше метр. Арыс өзенімен Сырдария өзеніне түсіп жатқан су көлемі секундына 130 текше метр. Жалпы, Қызылорда облысы шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 645 текше метр.

Айта кету керек, Сырдария өзенінде мұз Түркістан облысы Маяқұм елді мекені тұсындағы иіндерде ұстасты. Шардара су қоймасымен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдар, Төтенше жағдайлар департаменті және су шаруашылығы ұйымдарымен Сырдария өзеніндегі су шаруашылық жағдайына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.

Бүгінгі уақыттағы ақпаратқа сәйкес, Сырдария өзенінде мұздың қалыңдығы Арал ауданындағы Қаратерең су бекетінде орташа 40 см, Қазалы су бекетінде орташа 53 см, Қармақшы-Жосалы су бекетінде орташа 38 см, Қызылорда қаласы тұсында орташа 40 см, Керкелмес су бекетінде орташа 35 см, Төменарық су бекетінде орташа 20 см құрап отыр.

Облыс аумағында Сырдария өзенінің бойында орналасқан стратегиялық маңызы бар Қызылорда су торабы, Айтек су торабы, Қазалы су торабы және Ақлақ су тораптары пайдалану Ережесіне сәйкес қауіпсіздігі және бірқалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында тразиттік режимге көшіріліп қалыпты жұмыс жасауда. Диспетчерлер тарапынан 1 сағат сайын су деңгейлері бақыланып отыр. Сонымен қатар, Сырдария өзеніндегі мұз ұстасу жағдайында Қызылорда су торабына дейін су деңгейін төмендету мақсатында Жаңақорған, Шиелі аудандары аумағындағы каналдармен секундына 132,0 текше метр алынса, Қазалы су торабына дейін (Қараөзек арнасын қоса есептегенде) секундына 55,0 текше метр су алынуда, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Асанбаев Айдос Мәлібекұлы мәлімдеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<