Сырдарияның сапалы картобы

555

0

Сырдария ауданында 400 гектарға жуық картоп егілген. Әу баста мұны аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникациялар орталығында тамыз айында өткен брифингте айтқан болатын.

«Екінші нан» саналатын әрі халық жиі тұтынатын осы өнімді сырдариялықтар бұрыннан өсіріп жүр. Бұл жерде гектардың өсуіне облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы әсер етті. Аймақ басшысының бастамасымен әр ауыл маңынан жер дайындалып, ең қажетті деген дақылдарды егу жұмысы өңірдегі аудан басшыларына жүктелген еді. Осыған байланысты ауданға қарасты елді мекендердегі шаруашылық құрылымдары арқылы егін алқаптарынан қосымша жер ашылғанын білеміз. Осылайша аймақта 1500 гектарға жуық жер дайындалып, 6802 отбасы бақша дақылдарын еккен.

– Жалпы біздің аудан бойынша 33 мың гектардан аса жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 20728 гектар. Әртараптандыру бойынша 991 гектар жерге бидай, мақсары, күнбағыс, картоп, көкөніс және бақша өнімдері орналастырылды. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеке тұрғындарға да қосымша жер ашылды. Оның көлемі 210 гектар. 840 отбасыға бөлініп берілді. Осының ішінде тұрғындар бір ғана дақыл – картоптың өзін 90 гектар жерге ексе, қалған 120 гектар жерге қауын-қарбыз, асқабақ, сондай-ақ көкөніс түрлерінің тұқымын тастады, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков.

Қазір Сырдария ауданында жиын-терім науқаны қызуда. Бөлім басшысының айтуынша, 398 гектар картоптан 8438 тонна өнім алынды. Ал көкөніс бойынша 4723, бақша өнімдерінен 11618 тонна өнім алынған. Дақылдар бүгінде жиналып бітті.

Бір белгілісі, Сырдария күріш егуден өзге аудандардан көш бастап тұр. Ірі шаруашылық құрылымдардың кейбірі дәл қазір күн-түн демей, екі ауысымдық жұмыс режиміне көшкен. Қазір 20728 гектар Сыр салысы түгел орылған. Ал 18868 гектар астық бастырылып, орташа өнім гектарына 56-60 центнерден келуде.

Айта кетейік, тілшілік сапармен осы ауданды аралағанымызда ауыл шаруашылығы машиналарының көбісі жаңа үлгіде екенін байқадық. Комбайн мен жатка, трактор мен оның қосымша тіркемелері де өзге елдің дүниесі екенін бірден байқайсың. Нұрбол Жұмабековтың айтуынша, кейінгі жылдары аудандағы шаруашылық басшылары өз техникалық паркін жаңарту жұмыстарына баса мән беріп келеді. Өйткені, шетелдік әрі заманауи техникалар – сапа мен өнімділіктің кепілі.

Бүгінде егін жинау науқаны 954 техникамен атқарылып жатыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<