Т.Жүргенов әлемінің  жаңғырығы

903

0

Биыл күллі Алаш жұртына ортақ тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толып отыр. Сыр өңірінде туып, ұлт қамы үшін қызмет еткен қайраткердің бұл мерейтойы жер-жерде сән-салтанатымен аталып өтуде. Туған жері Жалағаш ауданындағы тұлғаның өз атымен аталатын ауылда дүбірлі той өтті. Ақындар жыр толғап, балуандар белдесті. Жиырмадан астам киіз үй тігіліп, ән-жырдан шашу шашылды. Жерлестері Сыр топырағында туған ұлын ұлықтап, өз заманының озық перзентіне арнап саябақ ашты.

Арнайы ескерткіш-бюст орнатты.

Жаңа саябақтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімі Асқарбек Есжанов, облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағамбетов және басқа да арнайы қонақтар қатысты. Шарада облыс әкімінің орынбасары аудан жұртшылығын Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ тарихи тұлғаны ұрпаққа үлгі ету жолындағы айтулы шараның өтуіне атсалысқан азаматтарды облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

– Темірбек Жүргенов – бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Жүрегі елім деп соққан, жазықсыз жаланың құрбаны болып өткен ердің аты өшпейді, жер бетінде қазақ халқы тұрғанда оның ісі жалғаса береді.

Мүмкіндікті пайдаланып, Темірбек Жүргенов есімін ұлықтауға өзіндік үлес қосып келе жатқан «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат ағамыздың, жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиевтің және басқа да азаматтардың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінгі салтанатты жиынға келген қонақтарға қадамдарыңыз құтты болсын дей отырып, тағылымы мол шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді, – деді М.Шермағанбет.

Мұнан соң «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат пен Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтіп, аз ғұмырында ұрпақ үшін елеулі еңбек жолын қалыптастырған тұлғаны құрметтеп жатқан аймақ басшысы мен аудан әкіміне және барша жанашыр азаматтарға рахметін айтты.

– Тау тұлғалы Темірбектей қайраткерді дүниеге әкелген Жалағаш топырағында бас қосып отырмыз. Туған ауылындағы іс-шарадан бөлек, жыл басынан бері азаматтың мерейтойы жер-жерде атап өтілуде. Бүгінгі шара соның қорытындысы іспеттес. Жалпы Жүргеновтің еңбегін қалай мадақтасақ та артықтық етпейді. Ол – Қазақстанның руханиятына, мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген азамат. Елге арнайы келген қонақтарға, тағылымды әңгіме айтқан азаматтарға алғысым көп, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев.

Бүгінде Алаш ардақтысының атында туған жерінде көше, мектеп-лицей мен ауыл бар. Биыл мемлекет және қоғам қайраткерінің атындағы ауылда балалар ойын алаңы жөндеуден өтіп, бір көшеге тас төселді. Сондай-ақ, жаңадан ашылған Темірбек Жүргенов атындағы саябақты абаттандыруға аудандық бюджеттен 67 млн теңге қаржы бөлініпті.

Көргеніміздей, саябақ құрылысы сапалы жүргізілген. Ауыл тұрғындары бұл жерді жасыл желекке айналдыру үшін түрлі тал мен жеміс көшеттерін отырғызыпты. Бұл баба рухына тағзым әрі кейінгі буынға өнегелі іс десек те болады.

Мерейтойға келген қонақтар мен ауыл жұрты саябақ ішіндегі тарихи тұлғаның ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

***

Мерейтой түйе палуандардың белдесуімен жалғасты. Қазақ күресінен өткен тартысқа Сыр өңірінен бөлек, Түркістан, Жамбыл облыстарынан және Шымкент, Тараз қалаларынан 20 спортшы қатысты.

Темірбек Жүргенов атындағы ауылда өткен дүбірлі тойдың сәнін кіргізген – ұлттық спортымыз, яғни, қазақша күрес. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған палуандар белдесуінде әр өңірден келген, Қазақстан мен әлемдік додаларда ел байрағын желбіретіп жүрген жігіттер күш сынасты.

Сом білекті жігіттер арасында облыс намысын қорғаған қармақшылық Еламан Ерғалиев бірінші орын алып, «Түйе палуан» атанды. Осылайша тойшыл қауымды серпілтіп, алтын белбеу тақты. Ал киелі Түркістан жерінен келген Марат Байкамуров пен Жамбыл облысынан келген Ерсұлтан Мұзаппаров екінші және үшінші жүлдені өзара бөлісті.

Мұндай үлкен шарада палуандардың да жүлдесі қомақты болары сөзсіз. Жарыс соңында ақшалай сыйлық та берілді. Мәселен, «түйе палуанға» 1 млн теңге тігілсе, күміс жүлдегер 750 мың, ал қола медаль иегері 500 мың теңгенің иесі атанды.

– Біріншіден, Темірбек Жүргенов бабамыздың 125 жылдығы құтты болсын! Осы той аясында өткен қазақ күресін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өте жақсы деңгейде өтті. Сайысқа қатысқан палуандардың осалы жоқ. Барлығы да – қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен жігіттер. Тәжірибелері мол, айла-тәсілге де жетік. Бүгінгі күрес өте тартысты болды. Өзім де аса тыңғылықты дайындықпен келіп, асығым алшысынан түсіп отыр. Бас жүлдені алып, «түйе палуан» атандық. Бірлік пен ынтымақты ту еткен Жалағаш жұртының абырой-даңқы арта берсін! – деп тілегін білдірді Еламан Ерғалиев.

Осылайша Жалағашта өткен қайраткердің тойына жиналған көпшілік бір рухани сілкініс жасағандай болды. Ең бастысы, бұл мерейтой елді тағы да бірлікке ұйыстырғандай.

***

Т.Жүргенов ауылының мәдениет үйінде «Тәуелсіздік жалаугері – Жүргенов» атты республикалық  жазба ақындар мүшәйрасы той көркін қыздыра түсті. Ел мақтанышын еске алуға арналған мерейтойда іріктеуден өткен 14 ақын өз өлеңдерін оқыды.

Жазба ақындар мүшәйрасын жазушы-публицист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Қойшыбаев ашып беріп, қазылар алқасына төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамында белгілі ақындар, Қазақстан жазушылар одағының мүшелері Қаршыға Есімсейітова мен Қуат Ахетов те бар.

– Бүгін үлкен тағылымды шарада бас қосып отырмыз. Белгілі тұлғаның 125 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде ұйымдастырып отырған жерлестеріне алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Расында, ол – қазақ жұртының ертеңіне көп еңбек сіңірген қайраткер. Мерейтой иесі атындағы саябақтың ашылуымен басталған игі шаралар палуандар белдесуі мен ақындар мүшәйрасына жалғасып отыр. Осындай маңызды кезде өзімізге жүктелгендей, ақындар өлеңін сарапқа салу да оңай емес. Өйткені, барлығы да «сен тұр, мен атайын» дейтіндей, нағыз жыр жампоздары десек, қателеспейміз. Қайраткерге деген арнау жырға құлақ құрышын қандырғалы келген көпшілікке көп рахмет. Қатысушы ақындарға тек сәтті қадам тілейміз, мерейтой құтты болсын! – деді өз сөзінде Бейбіт Қойшыбаев.

Қайраткердің өмір жолын өлеңмен өрнектеген мүшәйрада қызылордалық Мақсат Дауылбай, Ұлытау облысынан келген Дәуренбек Бұлданбаев, Алматы қаласында тұратын, өз жерлесіміз Нұрлыбек Саматұлы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жыр бәйгесінде Жалағаш ауданының жас ақыны Жасұлан Серік жүлделі ІІ орынға лайық деп танылса, Павлодар облысынан келген Нарқұлан Райханұлы І орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Елена Әбдіхалықова Темірбек Жүргенов атындағы арнайы жүлдеге ие болды.

Ал өңірге ғана емес, республикаға танымал әріптесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы бас бәйгені алды. Сондай-ақ, басқа қатысушылар арнайы алғыс хатпен марапатталды. Жыр додасында барлық ақынға қаржылай сыйлық табысталды.

Иә, аудан әкімдігінің қолдауымен өткен мүшәйрада жиылған жұрт тек өлең тыңдап қайтқан жоқ, өткен тарихтан да көп мағлұмат жиып қайтты.

Қорыта айтсақ, небәрі 39 жыл өмір сүрсе де қиын кезең, қуғын-сүргінге мойымай, елге еңбек еткен ердің есімі жұрт жадында осылай бір жаңғырды. Жазықсыз жаланың құрбаны болса да, Жүргеновті тарих қазақ жұртынан алыстатпады, керісінше, қайта қауыштырғандай болды. Кешегі тағылымды мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуі – осының дәлеліндей.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<