Тағы бір ауылға табиғи газ жетті

1044

0

Қызылорда қаласы тұрғындарының «көгілдір отынның» игілігін көре бастағанына биыл 17 жыл. Жалпы, облыста газдандыру жұмысының басталуы – еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейінгі Сыр өңірінің қол жеткізген үлкен жетістіктерінің бірі.

«Ақшабұлақ» кенішінен Қызылорда қаласына ұзындығы 124 шақырымдық газ желісі сонау 2004 жылы тартылды. Облысты газдандыру бағытындағы ауқымды жұмыстардың алғашқы қадамы осылай басталған-ды. Қаламызды табиғи отынға қосу ісі Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасы арқылы жүзеге асты. Келесі жылдың желтоқсан айында «Қызылордажылуорталығы» жанынан газтурбиналық станса қолданысқа беріліп, облыс орталығындағы бірқатар көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар «Ақшабұлақ» кенішінен келетін газды тұтына бастады. Кейіннен жалпы ұзындығы 1 143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры тартылды. Стратегиялық жоба 2010 жылдан қолға алынып, жылдам жүзеге асты. Сыр өңіріндегі аудан орталықтары мен елді мекен  тұрғындарына аталған магистральді газ құбырының пайдасы молынан тиді. Сонан беріде аймағымызды газбен қамту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасуда.

Апта басында Шиелі ауданы Нартай Бекежанов ауылдық округінің тұрғындарына «көгілдір отын» берілді. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «ТрансАзияКонстракшн» компаниясы жүргізді. Бұл жобаға өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 374,6 млн теңге қаражат бөлінген. Жоспар бойынша 540 үй табиғи газға қосылады. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Керделі ауылының тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

– Соңғы жылдары Шиелі ауданына қарасты елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асып келеді. Бүгінгі таңда Шиелі кенті және Бәйтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл ауылдық округтері табиғи газдың игілігін көріп отыр. Міне, Н.Бекежанов ауылдық округіне де газ кіргелі тұр. Желтоқсан айына дейін Қодаманов ауылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында газбен қамтамасыз етіледі, осылайша, жыл аяғына дейін жерлестеріміздің 65 проценті «көгілдір отынның» жемісін көреді, – деді аудан басшысы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда биылғы жылдың III тоқсанында газдандыру жұмыстары жоспар бойынша жүргізілген. Биылғы жылдың басына дейін облыс орталығы мен Байқоңыр қаласы, 5 аудан орталығы сондай-ақ 9 ауылдық елді мекен газдандырылған. Нақты кезеңде облысты газбен жабдықтау үлесі 65 процентті құрап отыр.

Айта кетейік, былтыр бюджет есебінен Арал ауданындағы Жақсықылыш кентін, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаев және Шиелі ауданындағы Байсын ауылдарына табиғи газ қосылды. Ал биыл ақпан айында Тереңөзек кентіне газ берілді. Жалпы, осы жылы 48 мыңнан астам тұрғын табиғи газды тұтыну мүмкіндігін алады. Бұл жұмыстарға 2021 жылға 4,1 млрд теңге бөлінген. Республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге қаралса, облыстық бюджеттен – 748,6 млн теңге.

Биылғы шілде айында Жосалы мен Жалағаш кенттері газбен қамтылды. Жыл басынан бері 3 аудан орталығына (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек) газ берілсе, жыл соңына дейін Шиелі ауданындағы Қодаманов ауылы мен Қазалы қаласын газдандыруды толығымен аяқтау жоспарланған. Бұл жұмыстар орындалған кезде облыс халқын газбен қамтамасыз ету үлесі 67,4%-ке жетеді деп күтілуде.

Ал қала іргесіндегі Наурыз және Махамбетов ауылдарын газға қосуды көпшілік көптен күтіп отыр. Аталған жобаның  құрылыс-монтаж жұмыстарына республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Айта кетейік, бұл жоба 2022 жылға өтпелі.

Жалпы облыста 14 автоматтандырылған газ тарату стансасын орнату жоспарланған. Оның ішінде 9 АГТС орнатылған. Сексеуіл мен Шоқай елді мекендерінде қойылатын АГТС-тар бойынша жоба-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптама қарауында. Тағы екі стансаның құжаттамалары кезең-кезеңімен әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылын, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін табиғи газбен қамтамасыз ету жобаларын жүзеге асыруға тиісті министрлікпен жұмыс жасалуда.

2025 жылға дейін осы іс-шаралар атқарылған жағдайда облыс тұрғындарын газбен қамту үлесі 75%-ке жетпек.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<