Тарихи таңдау

436

0

Тәуелсіздік алғалы бері елде жеті рет, яғни, 1991, 1999, 2005, 2011, 2015, 2019 және 2022 жылдары Президент сайлауы өтті. Ел жылнамасында биылғы жылдың 20 қарашасы да ерекше оқиғамен есте қалары анық. Өйткені көпшілік бұл додаға белсенді қатысты. Сыр елі дауыс беру жөнінен республика бойынша өңірлер арасында екінші орында тұр.

Жексенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде орналасқан №263 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Саяси шарада қала тұрғындарымен бірге өз таңдауын жасады.

– Бүгін – еліміз үшін ерекше күн. Мемлекетіміздің жарқын болашағын айқындайтын бұл күнде әрбір азаматтың дауысы маңызды. Жерлестеріміз ел келешегі үшін бірлік танытып, өз таңдауын жасайтынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Аталған сайлау учаскесі таңғы жетіден өз жұмысын бастады. Онда барлығы 2883 сайлаушы тіркелген. Сондай-ақ сайлау учаскесінде келушілерге арналып барлық жағдай жасалған. Дауыс берушілерге ұлттық дәм – бауырсақ пен шұбат ұсынылып, мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін патриоттық әндер шырқалды. Бұның бәрі халыққа әдемі әсер сыйлағаны анық. Алғашқы болып дауыс бергендерге естелік сыйлықтар да табысталды.

– Тұрғындардың белсенділігі аса жоғары. Кезектен тыс Президент сайлауында учаске бойынша тіркелген азаматтар саналы түрде өз дауыстарын беруде. Біз ең қарт, ең жас сайлаушымызға және бірінші дауыс берген тұрғынға арнайы кәдесыйлар тарту еттік. Сондай-ақ толық құраммен келген отбасыларға сыйлық, балаларға ойыншықтар берілді. Тағы бір айта кететін нәрсе, бізде жылжымалы сайлау жәшігі жұмыс істеді. Оған 18 адам өтініш берген. Бұл бойынша тұрғындардың үйіне барып, өз таңдауын білдіруге көмектестік, – дейді №263 сайлау учаскесінің төрағасы Айгүл Өткелбаева.

Ал мұнда байқаушы болып отырған Мұхтар Жұмаш келушілердің сайлауға аса жауапкершілікпен қарағанын айтады.

– «Жастар үні» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан сайлау барысын көріп отырмын. Жергілікті тұрғындар белсенділікпен өз таңдауларын жасауда. Дауыс берушілердің келу қарқыны да аса жоғары. Әсіресе, жастар легін көптеп көруге болады. Бұл сайлау учаскесінде барлығы талаптарға сай өтуде. Ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Сайлаушылардың да көңіл-күйі өте жақсы екені көрініп тұр, – дейді ол.

Айта кетейік, аймақта 373 учаске бар. Онда 482934 дауыс беруші тіркелген. Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясы ұсынған дауыс берушілердің келу туралы деректеріне сәйкес, тізімдегі облыс тұрғындарының 81,07 пайызы саяси науқанға қатысыпты. Бұл – республика бойынша жоғары нәтиже.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<