ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Жиынға тиісті сала басшылары мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова соңғы жылдары қазақстандық еңбек нарығында жұмыс күші айтарлықтай өскенін хабарлады. Мәселен, 2016-2020 жылдары бұл көрсеткіш орта есеппен 36,4 мың адамды құраса, 2021 жылы 76 мыңға жетті. Бұл жағдай, ең алдымен, 2000-жылдардан бастап дүниеге келген жастардың еңбек нарығына қосылуына байланысты.
Еңбек министрі халықты жұмыспен қамту, әсіресе тұрақты жұмыс орындарын құру көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында нәтижелі жұмыспен үздіктер қатарында екенін жеткізді.
– Өңірлер бойынша Ұлттық жоба аясында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша ең төменгі көрсеткіш Қостанай, Ақтөбе, Ақмола облыстарына тиесілі. Осыған орай, Қызылорда облысының өте жақсы нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Қызылорда облысындағы ең жоғары көрсеткіш – 88%, оның ішінде 84 пайызы зейнетақы аударымымен расталған, – деді Тамара Дүйсенова.
Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа өңірдегі өсім туралы баяндап, биыл 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, қазіргі таңда 21,8 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты.
– Ұлттық жобалар шеңберінде 3,2 мың адам жұмысқа орналастырылып, олардың зейнетақы аударымдары 84%-ды құрады. «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасына» 41,2 мың адам қатысты. Оның ішінде, 9,2 мыңы бос жұмыс орынға, 12,9 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. 2,3 мыңы қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашты. Қалған 16,8 мыңы онлайн курстар мен қысқа мерзімді оқу курстарына жолданған.
Президент тапсырмасына сәйкес биыл облыста 4587 жұмыс орнын құру жоспарланған. 9 айдың қорытындысымен 5691 жұмыс орны ашылып, көрсеткіш 124,1 пайызға орындалды, – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ, өңірде 100 мың жасты жұмыспен қамту тапсырмасына сәйкес келесі жылы аймақта 6 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Оның ішінде 3 мың азамат бос жұмыс орындарына орналасса, 3 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылмақ. Нәтижесімен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ға дейін төмендейтін болады.
Айта кетейік, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамту, қысқартудың алдын алу және жалақы көлемін 50%-ға дейін арттыру бағытында облыстағы 52 ірі және орта кәсіпорынмен меморандум жасалды.
Жиын қорытындысымен облыс әкімі халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет екенін айтып, жұмыс орындарын тұрақты ұстап тұруға басымдық берілетінін жеткізді. Бұл ретте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына аудандар, Қызылорда қаласының әкімдерімен бірлесіп, жылдық жоспарды 100 пайыз орындауды тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<