«Ұлағатты ұрпақ – ұлт болашағы»

605

0

Бүгін Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «2022 жыл – Балалар жылын» қорытындылау мақсатында «Ұлағатты ұрпақ – ұлт болашағы» атты мерекелік кеші өткізілді.

Кешті басқарма басшысы Руслан Рүстемұлы ашып, балалар жылында ұйымдастырылған түрлі мәдени шаралар мен байқауларда белсенділік танытқан балалар мен кітапхана оқырмандарын арнайы құттықтап, халықтық тәрбие мен көркемсөз өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан, қазіргі қазақ балалар әдебиетіне қалам тартқан ақын-жазушыларды арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен марапаттап, осы бағытта берілген тапсырмалар мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Мерекелік кешке балалар ақындары Р.Наурызбаева, О.Қосанов, Қ.Ахетов, Е.Әбді, А.Берік, жазушылар мен ақындар, әдебиеттанушылар, журналистер мен бақ өкілдері қатысты.

Мерекелік шара «Ұлағатты ұрпақ – ұлт болашағы» атты кең көлемді, мазмұнды кітап көрмесімен танысудан басталды. Шара барысында кітапхананың өнерпаз оқырмандары «Еркем-ай балапан» балабақшасының балдырғандары «Қызыл телпек» ертегісін сахналап, Түркия елі, Измир қаласында өткен Халықаралық балалар ойындары мен билері фестивалінің бірінші орын иегері Е.Сармырзаев әсем ән шырқаса, «Қарақат» мектеп студиясының мың бұралған бишілері «Қазақ биін», «Сыр еркесі» балабақшасы бүлдіршіндері «Балбырауын» биін орындап, көрермен көзайымына айналды. Кездесу кеші көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қызықты сәттермен аяқталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<