Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», тыл және еңбек ардагері Рақымжан қажы Бәйменовпен бірге ұлттық ойын – көкпарды тамашалады.
Аудан басшысы атшабарға жиналған көкпаршылардың қанжығаларының майлануына тілек білдірді. Тыл және еңбек ардагері Р.Бәйменов спортшыларға батасын берді. Аудан әкімі ардақты ақсақалға құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Көкпар ойыны жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Қазіргі таңда ұлттық ойынды халық арасында кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ойынның техникасы мен шеберлігін игеруге жастардың қызығушылығын ояту аса маңызды.
Ұлттық спортқа Қызылорда, Жаңақорған, Шиелі аудандарынан және ауданға қарасты елді мекендерден ат құлағында ойнайтын шабандоздар қатысып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<