Ұлылар ұлағаты ұмытылмайды

365

0

Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Ұлылар ұлағаты: Төлегетай баба және Қылышты ата» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Ең әуелі облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов облыс әкімі Н.Нәлібаевтың конференция қатысушыларына құттықтауын оқып берді.

– Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері халқымыздың қатпарлы тарихын, рухани құндылықтары мен мұраларын шынайы тұрғыдан зерттеуге, ақтаңдақ беттерін ашу бағытында орасан зор жұмыстар атқарылуда.

«Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағида бар. Әр халықтың өз дәуірлеу кезеңі болса, сол уақыттың бастауында тұлғалар тұратыны жасырын емес. Олардың ісі, қайраткерлік болмысы ел жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз. Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірі –  ерте заманнан ұлт мүддесі жолында қол бастаған батыр, елдің қамын жеп, бірлігін ойлаған қайраткер тұлғаларды, ілім мен білімді дамытқан рухани ұстаздарды дүниеге әкеліп, жақсы-жайсандардың өмірлік байыз тапқан мекеніне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз», –  деді.

Ұлы Дала төрінде халқының кемелденуі мен рухани өсіп-өнуі үшін ілім-білімді таратып, қолына қару алып жерін қорғаған Қылышты ата мен Төлегетай бабаның құрметіне арналған ғылыми-танымдық конференция жұмысына сәттілік тілеймін, –  делінген облыс әкімінің құттықтау хатында.

Конференция барысында ғалымдар ата-бабаларымыздың мәдени және рухани мұрасының тағылымын кеңінен ашып, жаңашыл ой, тұшымды тұжырымдар жасап, тарихымызды тану ісіне сүбелі үлес қосты.

Шарада «Төлегетай баба» қоғамдық қорының призденті Дайрабай Ысқақов, Мұхаммед Көпеев, Зәкен Тұрсынхан, Кенжебек Әлқожаев, Мұса Сапаев, Айбек Кәрімов, Талғат Жолдасұлы сынды ел ағалары мен ғалым-жазушылар баяндама жасап, тың мәліметтерді бөлісті.

Соңында қатысушылардың ұсыныс-піркірлері тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді. Келелі кеште студенттер ғалымдармен пікір алмасты.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<