Вирустың таралуын вакциналау тежейді

721

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі облыстық жедел штаб отырысын онлайн форматта өткізді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова, салалық жауапты департамент басшылары мен Қызылорда қаласы және аудан әкімдері селекторлық байланыс арқылы қатысты.

Аймақ басшысы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын айтып, вакциналау мен ревакциналауды күшейту қажеттігін қаперге салды.

– Қазір облыс «қызыл» аймақта. Күннен-күнге эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Кейінгі аптада тәулігіне 300-ден астам жағдай тіркелуде. Әлемде және елімізде жаңа дельта, оған қоса омикрон штамы таралып жатыр. Жағдай өте ауыр. Сондықтан індетті жеңудің бірден-бір жолы – жаппай вакциналау жұмыстарын жалғастыру маңызды.

Облыста екпенің I компоненті 418154, II компоненті 392943 тұрғынға салынды. Ал 30213 тұрғын ревакциналаудан өтті.

Балалар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін екпе алуға қабілетті жасөспірімдерді вакциналау қарқынын күшейту керек. Ал, Шиелі және Жаңақорған аудандарында тұрғындар арасында вакциналау жұмыстары баяу жүруде. Індетті тоқтату үшін екпе салу қарқынын үдету қажет, – деді аймақ басшысы.

Жиында Әлия Әбдіқайымова өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. Инфекцияның 58%-і скринингтік тексеру барысында, 2%-і сырттан тасымалданғаны, қалған 20%-і қарым-қатынас арқылы жұққаны анықталған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ауру жұқтыру көрсеткіші 20 есеге өскен. Анықталған жағдайлардың дені тұмау тәріздес, клиникалық белгілері байқалмайтын деректер көптеп тіркеледі.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов аймақтағы кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» қосымшасының пайдалануын кеңейту бойынша негізгі жұмыстарды айтты. Қазір түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Айта кетейік, ҚР Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес «Ashyq» қосымшасымен жұмыс жасайтын кәсіпкерлік нысандар тек «жасыл» статусты тұрғындарды кіргізу қажет. Облыста 3851 нысанда аталған қосымша бар.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов вакциналау қарқыны мен аймақтағы ахуалды баяндап берді. Жыл басынан бері облыста 1800-ден астам адам індет жұқтырған. Ірі ошақ Қызылорда қаласында. Сондай-ақ, Шиелі мен Жаңақорғанда ауру жұқтырғандар саны көптеп тіркелуде.

Вирустың өршуіне байланысты аймақ басшысы инфекциялық стационарлардағы төсек-орын санын көбейту қажеттігін атап өтті. Бүгінде емделушілер үшін 535 төсек-орын әзірленген. Қажеттілікке қарай оның санын 3200-ге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 142 мобильді топ үй жағдайында қызмет көрсетуде. Ал, емханаларда 21 ахуалдық орталық жұмыс істеуде.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова оқушылар арасында індеттің таралу жиілігіне байланысты оқу процесіне қажетті ұсынысын жеткізді. Қала маңындағы бала саны 600-ден жоғары мектептерді қашықтан оқыту, ауылдық жерлерде дәстүрлі форматта оқыту, сондай-ақ, қашықтан оқитын мектептердегі 1-2 сынып оқушыларын дәстүрлі форматта оқыту ұсынылды.

Жедел штаб отырысын қорытындылаған аймақ басшысы жауапты салалық басқарма мен департамент басшыларына, қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырма жүктеді. Мәселен, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеу міндеттелді. Мониторинг топтарының жұмысын жандандырып, тұрғындар арасында ревакциналау жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау, білім басқармалары, санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті қала, аудан бойынша вакциналау жөніндегі іс-шараларды үйлестіретін кураторлар тағайындап, жасөспірімдерді вакциналаудың іс-шара жоспарын әзірлеуі тиіс.

Жиында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға жүктелді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<