Жалағашта газ баллоны жарылысынан бір әйел қаза тапты

455

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданында жекеменшік үйде газ баллоны жарылып, салдарынан бір әйел қаза тапты. Бұл туралы өңірлік ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Облыстық ТЖ департаментінің мәліметінше, төтенше жағдай 5 қаңтарда сағат 09:43-те Жалағаш ауданы Аққұм ауылында болған. 50 литрлік газ баллонының жарылысынан үй өртеніп кеткен. Оқиға кезінде үйде бір адам болған. «Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үйінді астынан 1948 жылы туған әйелдің денесін тапты. Сонымен қатар, оның ұлы өрт сөндіру бөлімі келгенге дейін анасын құтқаруға тырысып, екінші дәрежелі күйік алып, аудандық аурухананың хирургиялық бөліміне жатқызылғаны белгілі болды. Сондай-ақ жарылыс кезінде үйдің ауласында тұрған Daewoo Nexia маркалы автокөлік бүлінді», – деп хабарлады ведомстводағылар.

Өртті сөндіруге бір техника мен жергілікті өрт сөндіру бөлімінің алты қызметкері жұмылдырылды. Өрт 10:56-да оқшауланып, 12:18-де толығымен сөндірілді. Департамент өкілдері оқиға орнында ТЖД өрт зертханасы мен анықтау бөлімінің мамандары өрттің техникалық себебі мен залалын анықтайтынын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<