Жан-жағымда бәрі жақсы адам

577

0

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері, ақын, сазгер, әнші Кенже Маханбетованың «Жан-жағымда бәрі жақсы адам» атты шығармашылық кеші өтті.

Іс-шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С.Мырзабеков пен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тәжмаханов қатысып, кеш иесіне лебіздерін білдірді.

– Бүгінгі ұйымдастырылған кешке қатысқаным үшін қуаныштымын. Қасиетті Сырдың елі – талай талантты ұл-қыздарды өсірген мекен. Оның қатарында бүгінгі кештің иесі, ерекше шығармашылығымен көпке үлгі болған Кенже Маханбетова да бар. Өнер жолында өзіндік орнын қалыптастырып, ерекше қабілетімен халықтың жүрегінен орын алған ақынның шығармашылығы бір төбе. Тамаша туындылары арқылы өзгелерді шыншыл, батыл болуға, қиындыққа мойымай алға ұмтылуға баулып келеді. Алдағы уақытта қаламыңыз мұқалмай, шабытты шығармашылығыңыз арқылы өзіңізден кейінгілерге үлгі болып, жетістіктеріңіз көбейе берсін. Сәттілік тілеймін! – деді Ж.Тәжмаханов.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген Кенже Маханбетова жастайынан шығармашылықпен айналысып, қалам мен қағазды жанына серік еткен. Ән жазудан да құралақан емес. Табаны жерге тиіп топырақ нәрін сезбеген, сәби шағынан басталған тағдыр тауқыметін өлеңге қосып, тағдырмен тайталасқан қайсар қыздың  жүрек тебіренісінен туындаған «Мен бір аққу жаралы» атты кітабы оқырманға кеңінен таныс. Облыстық байқаулардың жеңімпазы, «Алтын қауырсын» номинациясының иегері атанған жан көпке үлгі болып келеді.

Шығармашылық кеште ақын қыз көпшілікті өнерімен тәнті етті. Ол «Жан-жағымда бәрі жақсы адам» деп ән шырқағанда көзіне жас алмаған адам қалмады. Қос қолымен микрафонды алып, ән салғанын көрген көрермен оның өмірге шексіз құштар екенін аңғарды. Ақын жанынан төгілген жырларды тыңдағанда ерекше әсерге бөленді. Ризашылықтарын білдірген көрермендер гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын жаудырды.

Кеш барысында басқарма басшысының орынбасары С.Мырзабеков облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың Алғыс хатын табыстады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<