Жаңа мектеп құрылысы  биыл басталады. Қауесетке негіз жоқ

877

0

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов КБИ ықшам ауданында болып, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын жаңа білім ордасының орнын көрді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесіп, 600 орындық нысанның құрылысы биыл басталатынын, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтты.

– Бізде алдағы 3 жылдың бюджеті тұр. Сол жоспардан осы аумаққа салынатын мектеп алынып қалыпты деген – бос қауесет. Жоба Үкіметтің қаулысына енген. Бүгінде ЖСҚ жасалып жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл басталады. Қазір оны күтпей, мектепке қаржы бөліп жөндеткенмен, бір жылдан соң бұзып тастасақ, қаншама қаржы желге ұшады. Сондықтан ақырын күтейік. Мұны облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы өзі қадағалап отыр. Балаларға барлық оңтайлы жағдайды жасайтын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін мыңға жуық оқушысы бар №197 орта мектептің ауласына талапқа сай келетін жаңа нысан тұрғызылуы керек болған. Бұл үшін «Samruk-Kazyna Constratcion»-нан  қаржы да бөлінген. Алайда 2,4 гектар жердің төрт мың шаршы метрі әлі күнге жеке азаматтардың еншісінде екені айтылған еді.

Бүгінде жауапты мамандар кәсіпкерлермен екі жақты келісім жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айтуларынша, азаматтар меншігіндегі жер телімдерін мемлекет меншігіне бермесе, сот тәртібімен алынатын болады.

– Мектеп ауласының қазіргі көлемі – 2 гектар. Алайда тәртіп бойынша жер көлемі 2,4 гектар болуы шарт. Сондықтан қала әкімдігінен мемлекет мұқтажына алу жөнінде былтыр қаулы шықты. Қазір кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Оларға басқа жер ұсынылады және салған құрылыстарына сай, мемлекеттен тиісті қаражаты төленеді. Оған келіспесе, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде алынатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары Еркебай Ғалымжан.

Тұрғындар тілегін тыңдаған облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды бақылау назардан түспейтінін айтты. Ал іргетасы енді қаланатын білім ордасында оқушыға қажет барлық жағдай жасалмақ әрі физика, химия, биология, роботтехника сынды заманауи кабинеттерімен қамтамасыз етіледі.

Орайы келгенде айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 400-ден аса мектеп салынбақ. Оның 21-і Қызылорда облысының еншісінде, 8 мектеп қалаға салынса, қалғаны аудандарда бой көтереді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<