Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастады

430

0

Білім күні «Сабалақ» саяжайында «Orda School» жеке мектеп желісінің жаңа мектебі ашылды. Бұған дейін елді мекендегі 860 бала қала орталығына қатынап оқитын. Ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

Жаңа білім ошағына баратын оқушыларды құттықтап, ақжолтай тілегін жеткізген облыс әкімінің орынбасары кейінгі жылдары жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Облыста оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда бес мыңға артты. Алғаш мектеп табалдырығын 18 мыңға жуық бүлдіршін аттап отыр. Аймақта мектептер желісі жылдан-жылға көбейіп келеді. Солардың бірі – жаңадан ашылып жатқан «Orda School» жеке мектебі. Бұл білім ордасының болашағы зор деп білеміз. Себебі жеке инвестиция есебінен салынған мектеп – жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен жүзеге асатын нәтижелі жобалардың бірі. Әрбір ата-ана баласының заманауи ғимаратта оқып, білімді болғанын қалайды. Бүгін, міне, осы білім ордасының табалдырығын 300-ден аса бала аттап отыр, – деді Серік Салауатұлы.

Сондай-ақ, «Сабалақ» саяжайы ата-аналары атынан Тұрған Шыттыбаева сөз сөйлеп, алғыс білдірді.

– Көп жылдан бері балаларымыз орталыққа қатынап оқитын еді. Осы заманауи мектеп құрылысын салуға бастамашы болған азаматтарға алғыс айтамыз, – деді ол.

Салтанатты іс-шара қонақтары оқушылардың ант қабылдау, алғашқы қоңырау соғу рәсімдеріне куә болып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлсәнім Аукенова және ардагер ұстаздармен бірге жаңа мектептің лентасын қиды. Мұнан кейін, мектеп фойесінде оқушылармен кездесіп, оқу ошағының материалдық-техникалық базасымен танысты.

Жаңа ғимараттың аумағы 4000 шаршы метрді құрайды. 400 орындық білім ұясында 33 оқу кабинеті, денешынықтыру, акт залдары бар. 33 білікті педагог сабақ беретін оқу ордасында 1-9 сынып аралығындағы 300-ден аса оқушы тегін білім алатын болады. Мектептің директоры Рауаш Әлиқызының айтуынша, балаларға тегін ыстық тамақ та қарастырылған. Ал, екінші ауысымның орнына балаларға баскетбол, таэквандо, дзюдодан тегін үйірме ашылған.

Еске сала кетейік, биыл 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа оқу жылының қарсаңында 3 жаңа мектеп ашылса, жыл соңына дейін 5 мемлекеттік және 1 жеке мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен 6 білім беру нысаны жаңарып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<