Жаңа құрылым құндылықтарды арттырады

575

0

19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттарының кезектен тыс сайлауының жаңа форматы еліміздегі саяси жүйенің демократиялануының көрсеткіші деп ойлаймын. Нақтырақ айтқанда, бұл жолғы сайлау бұрынғылардан өзгерек.  Осының өзі қарапайым сайлаушы ретінде баршамыздың назарымызды аудартып отыр.

Өзгерек дейтініміз, біріншіден, 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бірмандаттық жүйе арқылы сайланады. Тағы бір жаңашылдық – кандидаттар бұрын тек саяси партиялар және мемлекеттік емес ұйымдардан ғана ұсынылса, қазір үміткердің өзін өзі ұсыну мәселесі заңды түрде бекітілді. Бұл – кандидат болғысы келетін ел азаматының кеңістігін кеңейту деген сөз. Осының бәрі сайлау тетігінің бұрынғыдан да жетіле түскенін білдіреді.

Кезектен тыс сайлау өткізу ел азаматтары үшін таңсық емес. Мұндай саяси қадамға бұрын да барғанбыз. Кезектен тыс болғанымен бұл жолғы сайлау туралы алдын ала айтылып, талқыланды. Саяси дода өтетіні жайлы жұртқа жарты жыл бұрын белгілі болды. Яғни аяқ астынан, тосыннан болып жатқан саяси оқиға емес. Партиялардың төменгі шегі бұрын 7 пайыз болса, қазір 5 пайызға дейін түсті, яғни бұл сайлануға деген мүмкіндіктер сәл де болса артты деген сөз. Сонымен бірге қоғамдық пікірлердің басым бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутат сайланбасын немесе тағайындалмасын деген ұсыныстар төңірегінде болатын. Сондықтан да бұл жолы Ассамблеяның квотасы алынып тасталған екен. Бұл да демократиялық тұрғыдан ілгерілеудің жақсы бір нышаны деп ашық айтуға болады. Демократиялық үрдістердің тағы бір белгісі – сайлау бюллетеніндегі «Бәріне қарсымын» деген бағанның қосылуы. Сайлаушы бөлімшеге келгеннен кейін егер кандидаттардың ешқайсысы көңілінен шықпаса, «Бәріне қарсымын» деген бағанға белгі қоя алады. Бірақ қарсылықтың жөні осы екен деп үміткерлерді түгелімен сызып тастау дұрыс емес деп ойлаймын.

Жасыратыны жоқ, осыдан екі жыл бұрынғы қаңтардағы сайлау­да алдыңғы додаларға қарағанда демократиялық бағыттың ептеп ілгерілей түскенін сезінген болатынбыз. Дегенмен жаңа жағдайда сайлаудың барынша демократиялануы бұл үдерісті одан әрі тереңдей түскендей әсер етуде. Бұдан шығатын қорытынды – қандай жағдайда да кандидаттарды дұрыс іріктеу керек деген мәселе. Бұл арада кейбір азаматтар айтып жүргендей, «халыққа белгілі адам, танымал тұлға» деген сияқты уәждерін көлденең тарту депутаттыққа жүрмейді. Танымал болу – шарт емес, әрбір кандидаттың заңды білуі және әділ болуы – міндетті. Бізге керегі – бұрынғы танымалдар емес, осы Мәжіліс корпусының құрамына жаңа адамдардың келіп, олардың кәсіби түрде жұмыс істеулеріне мүмкіндік беру.

Жалпы, Мемлекет басшысының Сенат пен Мәжілістің жұмысы мен құрылымына қатысты реформасы құндылықтарды арттырып, жүйені демократияландыруға мол мүмкіндік береді. Олай болса жаңа Қазақстанның Парламентін қайтадан жасақтайтын корпусты байырғы халықтың мүддесі тұрғысынан таңдап алуымыз керек. Мүмкіндігінше, елге жанашырлық танытатын үміткерлерді іріктесек екен. Айналып келгенде, бұл сайлау еліміздің болашағын нығайта түсуге, тәуелсіздігін күшейтуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін саяси дода болуы керек деп үміттенеміз.

Айтжан Оразбақов,

 тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<