Жаңа спорт алаңы бой көтермек

354

0

Жыл өткен сайын аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі спорт алаңдарының қатары көбеюде. Жақында ғана «Аймақаш» мөлтек ауданындағы Т.Қашқынбаев көшесінің бойынан тағы бір спорт алаңының құрылысы басталды.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жаңадан салынып жатқан спорт алаңына барып, құрылыс жұмыстарын көрді.

Заман талабына сай салынып жатқан спорт алаңына жасанды жасыл төсеніш төселетін болады. Сондықтан да балалар мұнда кіші футболмен қатар, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлерімен айналыса алады. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың дүние жүзіндегі танымал спорт түрлерімен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына мол мүмкіндік тудырады.

Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев құрылыс жұмыстарымен танысқан соң аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа спорт алаңының құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Мұхтар Әуесұлы мұнан соң «Достық» мөлтек ауданындағы 250 орындық мектепке де арнайы барып, құрылыс жұмыстарын көрді.

Жаңадан салынып жатқан білім ордасында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мердігер мекеменің жауапты өкілдеріне құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, тез арада мектепті пайдалануға беруді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<