«Жанқожа батыр» жинағының тұсауы кесілді

852

0

Жақында «Сыр өңірі фольклорлық антологиясының» І томы «Жанқожа батыр» жинағы аймақ басшысының қолдауымен жарыққа шыққан болатын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ар­налған тың тартудың тұсаукесері кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбе­бап- ғылыми кітапханасында өтті. Тағы­лым­ды шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қор­қыт ата атындағы Қызылорда уни­верси­тетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев және әдебиет жанашырлары қатысты.

Антология Елбасы-ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынды. Оның ішінде әдебиет пен өнер зерттеушілері үшін маңызды дерекке толы «Жанқожа батыр» жинағының мазмұны терең. Мұнда батырға арналған тарихи жырлардың, оның ішінде Мұсабай жырау, Лұқпан Кенжеғұлұлы, Қарман Сұлтанұлы, Жекей Шаңғытбайұлы, Орнықбай Сұлтановтың жыр нұсқалары топтастырылған.

Бұл орайда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов құнды еңбек рухани-мәдени бағыттағы ізденісті одан әрі дамытып, жастардың ұлттық өнерді бойына сіңіруіне жол ашатынын айтты. Ал, жоба жетекшісі Бағдат Кәрібозұлы бұрын баспа бетінде жарияланбаған жыр нұсқаларының енуі тарихта қалатынын жеткізді.

– Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту. Ел еңсесін көтеріп, ұлттық рух беретін құнды жинақтың шығуы – Сыр халқы үшін үлкен мерей, зор қуаныш. Жанқожа – тарихи тұлға. Ол – әулие, данышпан, көреген жан. Ұлт үшін жанын шүберекке түйген батырдың тарихи ерлігі жайында ұрпақтары білуі керек. Бүгінде мың данамен шыққан кітап облыстағы 239 кітапханаға таратылады. Оқырман оны ыстық ықыласпен қабылдайды деп санаймын, – деді профессор.

Өңірде жүзеге асып жатқан «Сыр елі» мега жобасына енген антологияны әзірлеу үш кезең бойынша жүргізілуде. 2019 жылы зерттеу басталып, әдебиетшілерден құралған фольклорлық экспедиция ауыл-ауылдарды аралаған еді. Алдағы уақытта антологияның екінші томына аңыз-әңгімелер мен түрлі оқиғалар жинақталса, ІІІ томға Сыр сүлейлері жырлаған, сирек орындалатын қисса-дастандар топтастырылады деп күтілуде.

М.СНАДИН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<