ЖАСӨСПІРІМДЕР БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ

463

0

Аптаның бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарованың жетекшілік етуімен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның селекторлық мәжілісі болып өтті. Онда облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Арман Қаржаубаев «Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері туралы» баяндама жасады.
– Өткен жылдың соңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге 65 пәтерлік «Жастар үйі» ғимараты пайдалануға берілді, – деді баяндамашы.– Жалпы есептегі 1071 баланың 116-сының өз атында үйі бар, әлі де тұрғын үй қажет ететіндер саны жетерлік. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ҰОС ардагерлерімен теңестірілді. Бұл да болса асыраушысынан айырылған жандарға едәуір көмек болары анық.  
Баяндамашы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету барысындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Құрбан айт кезіндегі қайырымдылық жасағысы келетін жомарт жандар осы санаттағы балаларға арнайы есепшот ашып, қаражат бөлсе қандай сауапты іс болар еді. Ал, «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ филиалының директоры Жүсіп Тасқынбаев кәмелетке толмаған әр баланың мемлекет қамқорлығына алынғанын, олардың жәрдемақылары арнайы есепшотта жинақталатынын, осы қаржыны тұрғын үй сатып алу үшін пайдалануға болатынын жеткізді. 
– Әрине, бала атына бірнеше жыл жинақталған қаржы қомақты болатыны анық, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Сондықтан әр баланың санасына сол қаржыны өзі үшін, өзінің болашағы үшін жұмсауы қажеттігін жеткізе, сол бағытта жұмыс жүргізе білуіміз керек. Осы санаттағы балалардың 370-тен астамы түрлі әлеуметтік көмек алып келеді. Олардың балалар үйінен кейін мамандық алуына, жұмыспен қамтылуына мүмкіндіктер жасалуда.
Комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<