Жастар жұмысы жандана түспек

254

0

Облыстық жастар ресурстық орталығында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Оған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жастар және отбасы істері» комитетінің төрағасы Қ.Баймульдинов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.Ерниязова, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы М.Есекеева және елдің барлық аймағынан Жастар ісі жөніндегі басқарма басшылары мен Жастар ресурстық орталықтарының директорлары қатысты.

Жиында сөз алған комитет төрағасы Қайрат Баймульдинов 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасындағы өзгерістерді кеңінен талқылады.

– Биыл Жастар ресурстық орталықтарының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Сондықтан мерекені республикалық деңгейде атап өтпекпіз. Бүгінге дейін орталықтар мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың негізгі институционалдық бөлігіне айналды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңындағы тұжырымдамалық өзгерістерге қол қойды. Заңға енгізілген өзгерістер аясында жастар категориясы 29 жастан 35 жасқа дейін ұғайды. Осылайша, мемлекеттік жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларды пайдаланатын жастар саны 3,5 миллионнан 6 милион жасқа дейін көтерілді, – деді ол.

Оның айтуынша, тұжырымдама жастарды жан-жақты қолдауға негізделген 7 бағыттан, 12 индикатор, 80 іс-шарадан құрылған. Қазір жоспар аясындағы жұмыстар жергілікті әкімдіктермен келісілуде. Алда бірлесе жұмыс жүргізілмек.

Сонымен қатар, комитет төрағасы жастардың даму индексі, NEET санатындағы жастармен жұмыс, маман санаты және еңбек жасақтары мәселелеріне тоқталып, жұмыс барысын өңірлік деңгейде жетілдірудің маңызын айтып өтті. Ал облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов ел дамуының негізі тетігі саналатын жастар саясатының қазіргі даму қарқынын баяндады. Сондай-ақ, жастарға жасалатын мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктер, өңірлік деңгейде оларды жұмыспен және баспанамен қамту мәселелерін тілге тиек етті.

Бұған қоса, әр өңірдің жастар ресурстық орталықтары директорылары қызметкерлердің біліктілігін арттыру және оқыту, орталықтардың жұмысына сараптама, бағыт-бағдар беру, өзара жұмыс тиімділігін арттыру бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Орайы келгенде айта кетейік, шара барысында делегация мүшелері облыстық жастар ресурстық орталығында жергілікті жас кәсіпкерлер көрмесін, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық базасының музейін тамашалады. Өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылу барысын, «Сыр жастары» тұрғын үй бағдарламасы жөнінде, NEET санатындағы жстармен жұмыс жасау бөлімінің жұмысымен және «Кітап құрттары» жастар қозғалысының ахуалын көрді.

Ақтілек БІТІМБАЙ

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<