Жазасын өтеушілер қоғамнан тыс қалмайды

226

0

Фото автордан

Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 (тергеу изоляторы) мекемесінің ұйымдастыруымен  баспасөз туры өтті.

Шараның мақсаты – тергеу изоляторының жай-күйімен танысу.  Сотталғандар мен айыпталушыларға келетін заңды өкілдердің мекеме аумағына кіруі, жазасын өтеушілермен кездесуі туралы баяндау. Сондай-ақ, шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталған азаматтардың жұмыспен қамтылуымен таныстыру.

Бүгінде жазасын өтеушілер түзету мекемелерінде жүріп-ақ жұмыспен қамтылып, жалақы алып, еңбекке тартылады. Алған жалақыларын отбасына жібере алады. Сонымен қатар, мұндағы әрбір азаматқа психологиялық қолдау көрсетіледі.

Мекеменің арнайы контингенттер арасындағы әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмыстары бөлімінің бастығы, әділет капитаны Ерлан Романқұловтың айтуынша, жаза басып, жаңылғандарды қоғамға бейімдеп, еңбекке баулу қолға алынған. Әділет капитаны бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретініне тоқталды.

– Қазір тергеу изоляторында екі жүзден астам айыпталушы мен күдікті, тергеудегі және шаруашылық бөліміне қалдырылған азаматтар бар. Жалпы, мекемеге келуші заңды өкілдер, адвокат, тергеуші мекеме аумағына кіргенде рентген аппараты арқылы өтеді. Бұл аппарат зиянды және рұқсат етілмеген заттардың мекемеге еніп кетпеуінің алдын алу үшін құрылған. Сәлем-сауқат арнайы аппаратпен тексеріліп, қауіпті немесе тыйым салынған заттар табылған жағдайда ҚР ҚК-нің 481-бабына сәйкес әкімшілік құқықтық жауапкершілікке тартылады, – деп түсіндірді ол.

Әр бөлме маңдайшалары мен бұрыштарда бейнекамералар орнатылған. Бұл тәртіп ережелері қатаң сақталатынын айғақтаса керек. 

Шаруашылық бөлімінде қалдырылған сотталғандар мекеменің ішкі шаруашылық жұмыстарын жасайды. Сонымен қатар, спорт бөлімшелері, жастар ресурстық орталығы және діни орталық мамандарымен кездесулер өткізіліп тұрады. Мұндағы мақсат – азаматтың болашағына сенім ұялатып, қоғамдағы орнын қалыптастыру.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<