Жекелеген азаматтарды қабылдады

410

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібіне сай азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға 10 азамат келіп, өз мәселесін жеткізді. Басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты. Қаланың шет аймағында тұратын І топ мүгедектігі бар азаматша үйіндегі газ пешінің жарамсыз болуынан тұрғын үйінің салқын, тұруға мүмкіншілігі болмайтынын жеткізіп, жаңадан газ пешін алуға ықпал етуді сұрады. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңның жоқтығын тілге тиек етті.

Облыс әкімі алда жылу маусымы басталатындығын ескеріп, қала әкіміне демеушілер көмегімен, пеш қондырғысын алу қажеттігін айтты. Ал, биыл қалада 50-ге тарта ойын алаңдары салынады. Сондықтан шет аймақтарды да қамту мәселесі назардан тыс қалмайды.

67 жастағы жалғызбасты қала тұрғыны Евгения Настас тұрғын үйін жөндеуге көмек сұрады. Жұмыссыз ретінде зейнетке шыққан ол небәрі 27 мың теңге зейнетақы алады. Бұл жағдайдың да жай-жапсарын бағамдаған аймақ басшысы қала әкіміне үйді көріп, қайырымдылық қорлары есебінен көмек беруді үйлестіру қажет деді.

Бейбітшілік көшесі тұрғындары атынан келген Маржангүл есімді азаматша тұрғын үйін абаттандыру, жертөлені жөндеу өзекті мәселе екенін айтып, жылу, электр желілерінің жағдайына мән беруді сұрады. Бұл бойынша да қала әкіміне мәселені пысықтап, тиісті деңгейде жұмыстарды қолға алу тапсырылды. Сондай-ақ, қала тұрғыны Индира Турбашова сол жағалаудағы өзі тұратын тұрғын үйдің жертөлесінен жағымсыз иіс шығып,  қолқаны қабатынын мәселе етіп көтерді. Мәселені шешу жолы қарастырылатын болады.

Қабылдауда жұмысқа орналастыру, жер телімін алу, баласының денсаулық жағдайына қатысты тегін ем алу проблемалары да айтылды. Облыс әкімі әрбір мәселені мұқият қарап, заң аясында пысықтау қажет екенін жеткізді.

Қазақтың ұлттық киімдерін тігетін 35 жастағы жалғызбасты ана Жәудір Ахметова кәсібін кеңейту үшін бос тұрған ғимараттарды пайдалану бойынша көмек сұрады. Бұл ретте аймақ басшысы кәсібін жандандыруға ниетті азаматтарды қолдау қажет екенін, жауапты басқарма басшысының орынбасарына заң аясында талдау жүргізіп, нақты ұсыныс енгізу қажеттігін жүктеді. Сондай-ақ, қайтарымсыз грант алған азаматтардың жұмысына бақылау жүргізіп, олардың кәсібінің орта жолдан тоқтап қалмауын қадағалауды тапсырды.

Осы уақытқа дейін облыс басшысы 18 жеке қабылдау өткізіп, 155 азаматтың мәселесін саралады. Көтерілген әрбір мәселе әртүрлі шешімді қажет етеді. Қабылдау барысында айтылған тапсырмалар белгіленген мерзімде орындалады. Мәселелер әкімнің тұрақты бақылауында. 

Айта кетейік, облыс әкіміне жазылу үшін азаматтар egov.kz порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы мен жазбаша нысанда әкімдікке келіп өтініш тастай алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<