Жеңімпаздар қатарында жерлестер бар

633

0

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Дәстүрлі байқауға 75 қатысушы 153 материал ұсынған.

Байқауға қатысушылар ішінен мықтыларды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжан, қарымды қаламгер Қайнар Олжай, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин анықтады. Қорытынды нәтижесінде ынталандыру сыйлығына 12 қатысушы ие болып, әрқайсысына 100 мың теңгеден ұсынылды.

Айта кету керек, «Үздік теле және радиобағдарлама» номинациясы бойынша үшінші орынды жерлесіміз «Qyzylorda» телеарнасының шеф-редакторы Толқын Қабылша жеңіп алса, екінші орынды Қазақ радиосының шолушы редакторы Шәкім Жанболат иеленді. Бірінші орынды «Жетісу радиосының» бас редакторы Мұхит Тоқтасын еншіледі.

«Үздік сайт» номинациясы бойынша Ермұхамед Мәулен, Ахмер Біржан және Қарқын Көктем үздік үштіктен көрінді.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша: ІІІ орынға «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметов ие болды. ІІ орын «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына бұйырса, І орын республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бифат Елтаеваның еншісіне тиді. Айта кетейік, Бифат – жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі сатирик, «Сыр бойы» газетінің ардагері Нұрмахан Елтайдың қызы.

Бұл үш номинация бойынша бірінші орын иегеріне 500 000 теңге, екінші орынға 400 000 теңге, үшінші орынға 300 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Бас жүлдегердің есімі де анықталды. Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Әбдір Шапағатқа 1 000 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Ол жүлдесінің бір бөлігін Қостанайдағы өрттен зардап шегіп жатқан бауырларға аударатынын айтты. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, БАҚ-тың қоғамды ілгері бастыруда атқаратын қызметі үлкен. Байқау ұлт ұстазының есімін ұлықтау мен мазмұндық мақсаты тұрғысында өз биігінен табылды деп білеміз.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<