Жүктілік кезіндегі қаназдық

1226

0

Фото: ашық дереккөз

Қаназдық –  қауіпті ауру. Ал жүкті әйелдер үшін ол тіпті қауіпті. Ол жүктіліктің дұрыс дамымауына, қиын босануға, құрсақтағы нәрестенің дұрыс жетілмеуіне соқтырады. Сондықтан аурудың алдын алып, уақытында емделу қажет. Қазіргі кезде қаназдық –  кең тараған сырқаттың бірі. Әсіресе, жүкті әйелдер арасында өте көп. Оны орталыққа келетін әйелдерден байқаймыз.

Қаназдық дегеніміз — ағзадағы темірдің аздығы. Яғни, ағзада темірдің аз болуынан эритроцит (қызыл қан түйіршіктері) және оның құрамына кіретін гемоглобин мөлшері азаяды. Ал жүкті әйелдердегі қаназдықтың 90 пайызы темірдің жетіспеуіне байланысты.

Жалпы, адам ағзасында 4 грамдай темір болады. Бұл — ағза үшін өте маңызды элементтердің бірі. Организмдегі темірдің 75 пайызы гемоглобинде. Темірді, негізінен, мал өнімдерінен (ет) толық сіңіруге болады, ал өсімдік тектес тағамдарда ол едәуір кем.

Ағза темір тапшылығын 4-5 жылда қалпына келтіре алады. Сондықтан әйелдер жүкті болар алдында осыны ескеріп, алдын-ала темірі мол тағам тұтынып, қажет болған жағдайда емделгені жөн.

Анемияның темірдің жетіспеуінен басқа да себептері бар. Ішкі ағзаның созылмалы аурулары, атап айтқанда, ревматизм, жүректің қабынуы, пиелонефрит, гепатитпен ауыратындар да қаназдыққа бейім келеді. Бауыр аурулары кезінде ағзада темірдің сақталуы және оның тасымалдануы бұзылады. Ішек-асқазан аурулары кезінде де күтіну керек.

Жүктілік кезінде бірқатар дәрумендер мен кобальт, марганец, мырыш, никель секілді шағын элементтердің жетіспеуінен қаназдық өрши түседі. В12 дәруменінің, фолий қышқылының, ақуыздың аздығы да кері әсер етеді.

Жүкті әйелдер қаназдықтан тек медициналық жолмен ғана емес, сонымен қатар арнайы емдәм арқылы да емделе алады. Ет өнімдері, жұмыртқа, балық құрамында темір көп екенін ескеру қажет. Какаода, жұмыртқаның сарысында, бұзау етінде, бұзаудың бауырында, жүректе, күркетауық етінде темір көп. Сондай-ақ, жүкті әйелдер ірімшік, қаймақ, кілегей секілді сүт өнімдерін, қызанақ, сәбіз, қызылша, асқабақ, қырыққабат тәрізді көкөністерді жиі пайдаланғаны жөн. Өрік, анар, лимонның да пайдасы зор.

Қаназдықтың алдын алу және одан емделу үшін дәрі-дәрмектер қолданылады. Бірақ мұндай жағдайда тамақтанудың тәртібін ұстану керек. Абзалы жүкті әйелдерге аскорбин қышқылын пайдаланған дұрыс.

Ағзадағы гемоглобин мен эритроциттер құрамының деңгейі қалыпқа келгеннің өзінде емді тоқтатуға болмайды.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі-үш ай емделгеннен кейін анемияның гематологиялық жағдайы жақсарғанның өзінде терапияны тоқтатпауды, тек дәрі-дәрмек мөлшерін екі есе азайтуды ұсынады. Сондықтан үнемі терапевт дәрігердің бақылауында болу керек.

Айгүл Әуезханова,

ана мен бала орталығының акушері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<