Жыл жетістіктері: үздіктер марапат төрінде

595

0

Сынаптай сырғып өткен 2022 жыл еліміз үшін айрықша әрі тосын шешімдер қабылдауға тәуекел еткен жыл болды. Жұртты елеңдеткен, елдігіміз сынға түскен қаңтар оқиғасы одан кейінгі саяси шешімдерге, тың өзгеріске серпін беріп, ел өмірін «қаңтарға дейін және кейін» деп екіге бөлді. Еліміз саяси даму және экономикалық трансформация кезеңіне қадам басты. Түйткілді мәселелер ашық айтылып, талқыға түсті. Қоғам өміріне көптеген өзгерістер еніп, жаңа бастамаларға негіз қаланды. Тәуелсіз еліміздің тарихында осымен жетінші рет Президент сайлауы өтіп, науқан елдегі саяси жүйені жаңғыртуға септігін тигізді.

Қиындығы мен қуанышы қатар болған тарихымыздың бұл кезеңінен ширап шығып, жылды тарих қойнауына табыстар тұста атқарылған істер мен жетістіктерді саралап, алдағы міндеттерді айқын­­даудың маңызы зор. Осы мақсатта төрімізге келер жаңа жылды қарсы алар сәтте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен 2022 жылдың қорытынды жиыны өтті. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрында өткен салтанатты шараға аймақтың бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында облыс әкімі жыл көлемінде өңіріміздің жеткен жетістіктері мен атқарылған ауқымды жобаларға тоқталып, Сыр халқын санаулы сәттерден кейін төрімізге енетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, өткен жыл толағай табыстар мен ілкімді істерге толы болғанын еске салды.

– Әрбір қол жеткізген жетістігіміз – туған жеріне жанашыр азаматтың еселі еңбегінің жемісі деп білемін. Барыс жылы – Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де, Сыр елі үшін де берекелі, ырысы мол, саяси оқиғаларға толы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Сыр елінде тың жобалар өркен жайып, ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қа­дамдар жасалды. Өңірімізде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Индустрияландыруды дамыту аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд теңгені құрайтын 37 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл  6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Өткен аптада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында негізгі инфрақұрылымдық, су шаруашылығы, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Біздің ұсыныстарымызға қолдау біл­дірді, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы Сыр елінде тіректі салаларда серпінді қа­дамдар жасалғанын да атап өтті. Айталық, өңірде ірі инвес­тициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жалпы құны 613,1 млрд теңгені құрайтын 37 жоба іске асуда. Бұл  6,8 мың  адамды  жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Биылға жоспарланған 4 млрд теңгенің 5 жобасының бүгінде 3-і іске қосылды. Ал келер жылы Жаңақорған және Қармақшы аудандарында құс фабрикалары іске қосылатын болады.

Сондай-ақ, биыл «Акса Энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, қала аумағын жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы аяқталады.

Инвесторлармен бірлесіп құны 28,1 млрд теңге болатын, жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіретін зауыт салу бойынша келіссөздер жасалды. Шыны зауытында қазан айынан бастап өнім шығарылуда. Бүгінде 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Мұнан бөлек, «Шалқия» кен орнында құны 235 млрд тең­ге болатын тау-кен байыту комбинатының құрылысы бас­талмақ.

Облыс әкімі тұрғын үй саласына да ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Биыл бюджет есебінен 9,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Алдағы үш жылда 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек. Келер жылы облыс орталығында 23 тұрғын үй табыс­талып, 1,1 мың отбасы пәтер кілттерін алатын болады.

Әлеуметтік салада да оң серпін бар. Алдағы екі жылда Ұлттық жоба аясында 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Биыл облыста 19 бала­бақша, Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді. Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернаты ашылды. Жаңақорған және Қазалы аудандарында екі мектеп, екі балабақша пайдалануға берілді. Алдағы үш жылда 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, Үкі­мет қолдауымен дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп ин­тернатының құрылысы бас­талады.

Мәдениет және спорт нысандарын салуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстарға демеушілер зор үлестерін қо­суда.

Биыл жазда облыс орталы­ғынан бірқатар нысанның іргетасы қаланды. Құны 1,6 млрд теңгені құрайтын Неке сарайы келер жылы қыркүйекте, 3,7 млрд теңге болатын мың орындық Өнер орталығы жел­тоқсан айында, құны 2,7 млрд теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылдың қаңтар айында беріледі.

2022 жыл Сыр халқы үшін табысты әрі берекелі жыл болды. Бұған түрлі салада тер төгіп, нәтижелі қадамдармен алға шыққан азаматтардың үлесі ба­сым. Салтанатты ­жиында облыс әкімі әр саланың озат қыз­меткерлерін марапаттады.

Оның ішінде 30 жылдан астам уақыт табиғат қорғау саласында қызмет атқарып, Арал теңізінің тартылған табанына сексеуіл егіп, ауданның экологиялық аймағын жасыл желекке айналдыруда өзіндік үлесі бар орман күтушісі Мұратбек Смайлов, 40 жылдан аса еңбегі бар ветеринар Сейілхан Орынбаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, жыл сайын мыңдаған науқастың аяққа тұруына септігін тигізіп жүрген көпбейінді облыстық аурухананың нейроинсульт бө­лімінің меңгерушісі Рүстем Баешов секілді өз ісінің нағыз шеберлері құрмет төрінен көрінді. Ақпарат саласының алғы шебінде жүрген журналистер, қоғамдық пікір көш­басшылары мен меценат азаматтар да құрметке кенелді.

Жыл бойы еңбегімен көзге түсіп, шәкірттері білім бәсе­кесінде топ жарған ұстаздар да назардан тыс қалмады. Елімізде 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Үздік педагог» байқауында осы уақытқа дейін өңірдің 23 ұстазы топ жарған. Биыл да байқаудың облыстық кезеңінде 6 мұғалім жеңімпаз атанды. Шығармашыл ұстаздарға облыс әкімі 900 мың теңгеден астам біржолғы қаржылай сыйақы сертификатын табыстады.

Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, жер­гілікті өнерпаздар кеш қонақ­тарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<