«Жегендей болдым…»

96

0

Екі жылдай бұрын аудандағы алыс ауылдардың біріне бір жағы қайын атам болып келетін әрі ауылға еңбегі сіңген соғыс ардагерін еске алуға арналған іс-шараға қонақ ретінде бардым. Іс-шара жақсы өтті, ардагерге ас беріліп, Құран бағышталды. Молда сол ауылдың жігіті екен, сыртқа шыққасын аздап сұрақ қойып, біраз сөйлестім.

Ауылда елге еңбегі сіңген, тіпті өзге елдерден арнайы іздеп келген талай жанның дертінің дауасын тауып, алғысын алған белгілі молда атаның құрметіне осыдан он жылдай бұрын бой көтерген мешіт бар еді. Ішіне кіріп екі бас намаз оқып шыққанда байқағаным, мешіттің де, ауласының да жағдайы кете бастапты, сол жөнінде сұрадым. «Шыны керек, жылына бір келетін айт күндері болмаса, мешітке адам бармайды, – деді молда жігіт, – менің өзім мойындаймын, аяттарды жаттағаным болмаса, соншалықты білімім де жоқ. Бір жағынан өзге кіріс көзім бол­мағасын, ол жерге барып отырғанда не бітіремін?»

Молда жігіттің ағынан жарылып айтқанын түсіндім. Өмір бар жерде қаза болады, жастардың некесі қиылады, нәрестеге азан шақырып ат қойылады демекші, қа­за­қылықтың қаймағы бұзыл­маған ауылға мешіттің керек екені рас. Бірақ көпшіліктің кеу-кеуімен біршама қаржы жұмсалып бос тұрғаны ыңғайсыздау сияқты. Қа­зақстан бойынша 2200-дей мешіт бар екен, олардың халі нешік, не тындырып жатыр екен…

Түркияда «Жегендей болдым», «Sanki yedim» деп аталатын мешіт бар көрінеді. Сөз жоқ, атауының өзі-ақ себебін білуге қызығушылығыңды туғызатыны рас. Көнекөздердің айтуынша, тарихы былай екен. Он сегізінші ғасырлар шамасында Түркияда Кечежи Хайреддин есімді орта шаруа қолөнерші өмір сүріпті. Шалқыған бай да емес, кенеуі кеткен кедей де емес. Османлылар заманында өмір кешкен Кечежи сол кезеңнің небір сәулетті мешіттерін көріп жүріп, бір мешіт салуға аңсары ауады. Сондайлық жағ­дайы болмаса да, ізгі ниетке белін бекем буып, қаражат жинай бастапты. Сонда қалай жинады дейсіз ғой. Нәпсісі ауған, көңілі соққан асын көргенде, Кечежи әлгі асты «жегендей болдым» дейді екен де, сүйікті асына деген нәпсісін тізгіндеп, соған жұмсайтын ақшаны бөлек жинай береді. Тәтті-дәмді, буы бұрқыраған тамақ, түрлі жемісті көргенде «жегендей болдым» деп, ақшасын артына қайыра беріпті. Осылайша тиыннан теңге құралып, жиырма жылда Стамбұлдың орта­сынан бір орташа мешіт салдырыпты. Алланың үйі үшін нәпсінің есігін тарс жапқан Кечежи Хайреддинге Жаратушы сауап жазылып тұратын амал дәптерін айқара ашып қоюы әбден мүмкін-ау…

Осыны ойлай отырып, қазіргі ас татөк дастарқан жайып, атшаптырым тойханада той тойлап нәпсімізді еркіне жіберген біздің асқанымызда қандай ғимараттар жатыр екен деп те қиялдап үлгереді екенсің.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы