Аптаның алғашқы күндері облыс әкімдігінде бірқатар маңызды кездесулер, ауыс-түйіске байланысты мәжіліс және ағымдағы мәселелер бойынша басқосулар ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бұйрығымен «Сыр суы» филиалының директоры лауазымына тағайындалған Әмиша Ержан Шынтемірұлы таныстырылды.
Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етудің қажетті шараларын қабылдауды жүктеді. Өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, ауызсу жүйелерінің жұмысын қамтамасыз етіп, су жеткізу қызметінің сапасын арттыруды тапсырды.
Ержан Шынтемірұлы 1980 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Құрылыс», «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын «СМП-Қызылорда» серіктестігінде инженер ретінде бастаған. Әр жылдары жеке секторда, мемлекеттік мекемелерде жауапты қызмет істеген.
Кейінгі жылдары «Қазсушар» мекемесінің «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Жанерке Жақсылық – департамент басшысы
Сондай-ақ мәжілісте Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Жақсылық Жанерке Алмасқызы таныстырылды.
Облыс әкімі жаңа басшыға өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қатаң бақылауда ұстап, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруда нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жанерке Жақсылық 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Медицина», «Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2017 жылы Қызылорда қалалық №3 емханасында дәрігер ретінде бастаған. Әр жылдары осы емханада бөлім меңгерушісі, аймақтық дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болған.
2023 жылдан осы күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Тау-кен өндірісінің жаңа кезеңі
Өңір жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қажетті стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларға бай. Қазақстандағы ванадий қорының 66 пайызы, мырыштың 16 пайызы, қорғасынның 11 пайызы және уранның шамамен 15 пайызы осында шоғырланған.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Чэнь Даю және компанияның бас директоры Чжун Фэйчаомен кездесуде облыстың минералды шикізат қоры инвестиция тартуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесуде «Шалқия Цинк» АҚ-ның полиметалл кен орнын игеру жобасына ерекше назар аударылды. Бұл кен орны мырыш қоры бойынша әлемдегі ең ірі бестікке кіреді, жалпы қоры 104 млн тонна. Жоба аясында жылына 4 млн тонна кен өндіретін жерасты кеніші іске қосылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы инвестиция көлемі 414,7 млрд теңге. Қазіргі уақытта жерасты шахтасының құрылысы мен қажетті инженерлік инфрақұрылым нысандары толық аяқталған. Алдағы жылы заманауи тау-кен байыту комбинаты мен қалдық сақтау қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие концентраттарды тұрақты өндіреді. Сонымен қатар, өңірдегі энергетика, логистика және машина жасау салаларының дамуына серпін беретін ірі өндірістік орталықтың біріне айналмақ.
Өңір тарихы әлем назарына
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру қажет. Бұл ретте тарихи-мәдени мұраларды әлемге паш етудің маңызы зор. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірге арнайы келген танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахымды қабылдауда осы мәселелер пікір талқысынан өтті.
Қызылорда облысы – ежелгі өркениеттердің ізі сақталған киелі мекен. Мұндағы көне қалалар, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұра нысандары Ұлы Жібек жолының мыңжылдық тарихынан сыр шертеді. Сонымен қатар, біздің өңір табиғи ерекшеліктерімен де саяхатшылар үшін ерекше тартымды екені белгілі.
Бүгінде еліміздің туристік картасына «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Сығанақ» қалашығы және «Geopark Aral» жобасы енгізілген. Ал өңірлік деңгейдегі туристік нысандар қатарына «Ханқожа» көлі, Қорқыт ата мемориалдық кешені, «Қамыстыбас» көлінің курорттық аймағы, Жаңақорғанның балшық курорттары, «Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтер, «Жанкент» қалашығы, «Ақтас» мешіті, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал ишан кесенелері кіреді. Осы тарихи орындарға ерекше қызығушылық танытып, әлем назарына ұсынғаныңыз үшін сізге ерекше алғысымды білдіремін! – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Өз кезегінде Дастан Мұхамедрахым Сыр жұртшылығының қонақжайлығына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта отандық туризмді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Аймақ басшысы қонаққа қазақы дәстүрге сай сый-сияпат табыстады.
Жақында әлемге танымал тревел-блогерлер Қызылорда қаласына арнайы келіп, қайта жаңғыртылған Президент саябағын аралаған болатын. Сондай-ақ Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенімен танысып, «Байқоңыр» ғарыш айлағында түсірілім жүргізді.
Айта кетейік, бүгінде өңір туризмін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Өткен жылы облысқа 212,3 мың турист келген, оның 199,8 мыңы – ішкі санаттағы, 12,5 мыңы – сыртқы, туристер. Салаға 54,4 млрд теңге инвестиция тартылған.
Байқоңырда бірлескен жобалар жүзеге асуда
Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы мемлекеттік органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде «Байқоңыр» кешенінде маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Жыл басында Байқоңыр қаласында әрқайсысы 50 пәтерлік бес тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау және су бұру жүйелері жаңғыртылуда. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын, нысанды шілде айында пайдалануға беру жоспарланған.
Келесі оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасының білім беру стандартымен аралас мектеп ашу мақсатында №7 мектеп ғимаратын облыстық білім басқармасының қарамағына беру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесуінде осы және Байқоңыр қаласының әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты өзге де мәселелер қаралды.
Тараптар алдағы уақытта да өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
«СБ» ақпарат





