Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында еңбек ресурстарының теңгерімі маңызды рөл атқарады. Бір өңірде жұмыс күші артық болса, енді бір аймақта маман тапшылығы сезіледі. Мемлекет еңбек нарығындағы дисбалансты азайту үшін азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына жағдай жасап келеді. Бұл бастама тек көшу мәселесін шешіп қана қоймай, мыңдаған қазақстандыққа тұрақты жұмыс тауып, өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік берді.
Кейінгі жылдары жұмыс күші мол өңірлердің бірі саналатын біздің облыста да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жүздеген отбасы республиканың солтүстік және шығыс өңірлеріне қоныс аударып, мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп жатыр. Бағдарламаның тиімділігі неде? Қоныс аударушыларға қандай мүмкіндіктер ұсынылады? Жобаның өңір экономикасына әсері қандай? Осы мәселелерге тоқталып көрейік.
Бағдарламаға қызығушылық артқан
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы кейінгі жылдары өзінің тиімділігін дәлелдеді. Әсіресе жұмыс күші артық оңтүстік өңірлер мен маман тапшы солтүстік және шығыс облыстар арасындағы еңбек ресурстарының алмасуы ел экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал етті. Қазір Қызылорда облысы жұмыс күші көп өңірлердің қатарында. Ал Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары жұмыс күші жетіспейтін аймақтар ретінде белгіленген. Осыған байланысты мемлекет азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуын ынталандырып, ауқымды қолдау шараларын ұсынып отыр.
Бағдарлама 2014 жылдан бері жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында облыстан 1911 отбасы қоныс аударып, 3800-ден астам адам басқа өңірлерге қоныстанған. Бұл – тек статистикалық көрсеткіш емес, мыңдаған азаматтың тұрақты жұмысқа орналасып, әлеуметтік жағдайын жақсартуына мүмкіндік берген нақты нәтиже.
Бағдарламаға деген қызығушылық артып келеді. Биылдың өзінде Қостанай және Ұлытау облыстарының делегациялары Қызылорда облысының аудан орталықтарында халықпен кездесулер өткізіп, тұрғындарға қоныс аударудың мүмкіндіктерін түсіндірді. Кездесулерде жұртшылықтың сұрақтарына нақты жауап, жаңа өңірлердегі еңбек нарығы туралы толыққанды ақпарат берілді.
Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі – сәуір айында өткен «Enbek hub – QYZYLORDA» өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Онда жергілікті жұмыс берушілерден 600-ге жуық және солтүстік пен шығыс өңірлерден 9 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылып, жалпы саны 10 мыңнан астам вакансия қолжетімді болды. Бұл еңбек нарығындағы сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Іс-шараға 1500-ге жуық адам қатысып, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Әсіресе жас мамандар мен оқу орындарының түлектері үшін мұндай алаңдардың маңызы зор. Себебі олар еңбек жолын бастауға және кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қоныс аударушылар қай өңірді таңдайды?
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жұмабекқызының айтуынша, ақпараттық түсіндірме шараларының нәтижесінде бүгінде 100-ге жуық отбасы қоныс аударуға ниет білдіріп отыр. Ал жыл басынан бері облыстан 42 отбасы, яғни 167 адам солтүстік өңірлерге көшіп үлгерді. Оның ішінде Қостанай облысына 16, Солтүстік Қазақстан облысына 11, Павлодар облысына 8, Шығыс Қазақстан облысына 6 және Абай облысына 1 отбасы қоныстанған.
Бұл көрсеткіштер еңбек күші тапшы өңірлердегі кадр мәселесін шешуге ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Өйткені бағдарлама аясында қоныс аударушыларға ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мәселен, көшіп барған әрбір отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірреттік көшу субсидиясы төленеді. Бұл өткен жылғы есеппен 302 мың теңгеден асады. Бұдан бөлек, тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификатының сомасы 1625 АЕК немесе 7 миллион теңгеден асады. Бұл – көптеген отбасы үшін жеке баспаналы болуға берілген мүмкіндік. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары да мемлекет есебінен өтеледі. Қалалық жерге көшкен азаматтарға отбасы құрамына қарай ай сайын 86 мыңнан 129 мың теңгеге дейін, ал ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға 64 мыңнан 90 мың теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі.
Көшуге ниет танытқандардың басым бөлігі Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын ыңғайлы көреді. Бұл облыстар ауыл шаруашылығымен айналысуға, өндіріс ошақтары, білім беру, денсаулық сақтау секілді салаларға жұмысқа орналасуға қолайлы, ауа райы да жайлы.
Демографияға әсері
Иә, жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу еліміздің территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, ондағы баспана жайы, шаруаның ыңғайы – қоныс аударушылар үшін басты мәселе. Бүгінде күнгейден терістікке қоныс аудару жайы қалай? Бағдарлама жемісін беріп отыр ма? Мұны өңірге солтүстіктен арнайы келген мамандардан сұрап білген едік.
– Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының маңызды орталығы. Облыста жаңа жұмыс орындарын құру бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде. Жұмыс күші тапшы аймақ ретінде біз еңбек ресурстарын көбейтуге, кадр жетіспеушілігін шешуге ерекше көңіл бөлеміз. Осы бағытта Қызылорда облысымен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Қазір біздің өңірде 300-ден астам отбасы тұрақты өмір сүріп жатыр, олардың барлығының тұрғын үйі, жері бар және әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген. Бұл – бағдарламаның тиімділігін көрсететін нақты мысалдардың бірі. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жұмыс көп. Сонымен қатар зоотехник, ветдәрігер, жылқышы керек. Мектептерде екі және үш ауысым деген жоқ, балаларға өте ыңғайлы. Біз көшуге ниетті азаматтарды қолдауға, жаңа ортаға бейімделуге көмек беруге әзірміз, – дейді Солтүстік Қазақстан облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Аман Төрегелдин.
Сарапшылардың пікірінше, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру – еліміздің демографиялық және экономикалық дамуына оң әсер ететін маңызды құралдардың бірі. Бір жағынан, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, халық саны азайып бара жатқан өңірлерді еңбек күшімен қамтамасыз етеді.
Бүгінде еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану әр адамның болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан ерікті қоныс аудару бағдарламасы тек көшу жобасы ғана емес, ол – тұрақты жұмыс, жаңа баспана және жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





