КЛАССИКАЛЫҚ ӘНДЕР ШЕРУІ

830

0

КЛАССИКАЛЫҚ ӘНДЕР ШЕРУІ Облыс орталығындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Салтанатты шарада сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Әбуова Елбасының Жарлығымен бекітілген мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі шығармашылық иелеріне зор қуат беретінін жеткізді.
Әдеттегідей төл мерекеде еңбегімен ел сүйіспеншілігіне бөленген лайықтылар марапатталды. Мәселен, облыстық филармонияның вокал жөніндегі репетиторы Инаят Жарылқанов облыстың Құрмет грамотасымен, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің әртісі Фания Гафурова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, филармония әртісі Наку Мирманов пен менеджер Құрманбек Боранбаевқа облыс әкімінің Алғыс хаты, ал, Бекзат Молдабергенов пен Руслан Балмасовқа басқарма басшысының Алғыс хаты табысталды.
Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Р.Үмбетова өнер иелерінің еңбектеріне сәттілік тілеп, бірқатар мамандарды «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында филармония әртісі Үміт Медеуова да бар.
Мерекеге арналған кеш соңы классикалық әндер шеруіне ұласты. Кеулімжай Ботабаевтың дирижерлығымен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ, «Астана Опера» театрының солистері Жұпар Габдуллина мен Медет Шотабаев осы кеште өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт шымылдығын Иоганн Штраустың «Трик-трак» шығармасы ашты. Ал Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсі» мен Джузе́ппе Вердидің «Травиата» шығармасын Жұпар Габдуллина мен Медет Шотабаев орындап, кеш көрігін қыздырды. Бірқатар шығармаларға Күлдәрі Ізбанова дирижерлық етті.
Бұған қоса, кеште халық әні «Ақбақай», Абайдың «Айттым сәлем,  Қаламқасы», Латиф Хамидидың «Бұлбұлы», «Қазақ вальсі», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» мен «Сұрша қызы», Ахмет Жұбановтың «Абай» операсынан Абайдың ариясы, Нұрғиса Тілендиев пен Шәмшінің және халық әндері орындалды.
Кеш соңында мереке иелері үшін сахнаға облыс әкімі атынан ықылас гүлі жеткізілді.
А.АҚЫЛБЕК.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<