Конституция

Конституция адамнан басталады

7

0

2026 жылдың 1 шілдесі – Қазақ­станның тәуелсіздік тарихындағы тағы­лымды күндердің бірі. Дәл осы күні жалпыхалықтық референдумда қабыл­данған жаңа Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы заңды кү­шіне енеді. Бұл – жаңа Негізгі Заңның қолданысқа енгізілуі ғана емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге, азаматтық жауапкершілікке және ортақ құндылықтарға негізделген Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің басталуы.

Соңғы айларда жаңа Конституция туралы аз айтылған жоқ. Заңгерлер оның әрбір бабына құқықтық талдау жасап жатыр, сарапшылар мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге баға беруде, саясаттанушылар консти­ту­ция­лық реформаның болашағы жөнін­де пікір білдіруде. Мұның бәрі заңды әрі қажет.

Алайда Конституция өз күшіне енер алдында, мен бұл мәселеге басқа қырынан қарағым келеді.

Жаңа Конституция күшіне енген­нен кейін шын мәнінде не өзгеруі тиіс?

Әрине, ең алдымен заңдар жаңа Конституцияға сәйкестендіріледі, мем­­лекеттік институттар жаңа құқық­тық кеңістікте жұмыс істейді, жаңа консти­туциялық тетіктер іске қосы­лады. Бірақ мұнымен ғана шектелуге бола ма?

Тарих көрсеткендей, ең кемел заңның өзі қоғамды өздігінен өзгерт­пейді. Мемлекеттің басқару құры­лымын жетілдіруге болады, жаңа инс­титуттар құруға болады, азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді кепіл­діктерін бекітуге болады. Бірақ сол құндылықтарды өмірде жүзеге асы­ратын адам өзгермесе, заңның әлеуеті толық ашылмайды.

Конституция оның мәтіні жария­ланған немесе заңды күшіне енген күні өмір сүре бастамайды. Конституция қоғамның санасына орнығып, күн­делікті өмір салтына айналған кезде ғана шынайы күшіне енеді.

Сондықтан жаңа Конституцияның тарихи маңызын тек енгізілген өзгеріс­тердің санымен немесе мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашыл­дық­тармен өлшеу жеткіліксіз. Ең бастысы – оның қоғамға қандай құндылықтарды ұсынатынында, азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты қандай жаңа деңгейге көтеретінінде.

Жаңа Конституцияның ең басты ерекшелігі – адамды мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде айқындауы.

Жаңартылған Кіріспеде алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мем­лекеттің негізгі басымдығы ретінде белгіленді. Бұл – жай ғана құқық­тық тұжырым емес. Бұл – мемлекет қызметінің өлшемі ең алды­мен азаматтың қадір-қасиетін қорғау, құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету екенін білдіретін жаңа саяси әрі қоғамдық ұстаным.

Сонымен қатар, Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің қайнар көзі ғана емес, егемендіктің бірден-бір иесі екендігі нақты бекітілді. Бұл қағида мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың мәнін тереңдете түседі. Өйткені кез келген мемлекеттік биліктің түпкі негізі – халықтың еркі.

Жаңа Конституция адам құқық­тарын қорғаудың заманауи кепіл­діктерін айқындай түседі. Адамның өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке бас бостандығының күшейтілген кепілдіктері, цифрлық дәуірдегі дербес деректерді қорғау, ғылыми және шығармашылық еркіндік, азамат­тардың экологиялық жауапкершілігі – мұның бәрі Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының жаңа сапасын айқындайды.

Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды ерекшелігі – онда білім, ғылым, мәдениет және инновация еліміздің ұзақ мерзімді дамуының басым бағыттары ретінде нақтыланды. Бұл – кездейсоқ таңдау емес. Бұл – Қазақстанның болашағы ең алдымен адам капиталының сапасымен өлше­нетінін айқындайтын стратегиялық ұстаным.

Бүгінде әлем мемлекеттердің та­биғи байлығымен емес, білімнің, ғы­лым­ның және технологияның дең­гейімен бәсекеге түсетін кезеңге қадам басты. Осындай жағдайда жаңа Конс­титуцияның білім мен ғылымды конституциялық деңгейде айқындауы – еліміздің болашағына бағытталған көреген шешім деп бағалаймын.

Бұл жерде бір маңызды мәселені ерекше атап өткен жөн.

Конституция – тек мемлекеттік орган­дардың қызметін реттейтін құ­қықтық құжат емес. Ол – қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дами­тынын айқындайтын бағдар.

Егер Конституция адамның құқық­тары мен қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде таныса, онда сол құндылықтарды құрметтейтін аза­матты тәрбиелеу де мемлекеттің маңыз­ды міндетіне айналады.

Ал мұндай азамат қайда қалып­тасады?

Әрине, ең алдымен – отбасында. Одан кейін – мектепте. Ал азаматтық ұстанымы мен көзқарасы толық қалып­тасатын кәсіби орта – мамандық беретін оқу орындары.

Сондықтан бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының алдында бұрын­ғыдан да ауқымды міндет тұр. Біздің мақсатымыз – тек білікті маман даярлау ғана емес.

Біздің мақсатымыз – жаңа конс­титуциялық мәдениеттің иесін тәр­биелеу.

Өйткені ертеңгі күні жаңа Конс­титуцияның қағидаттарын өмірде жүзеге асыратындар – бүгінгі сту­денттер. Олар ертең судья болады, дәрігер болады, инженер болады, мұғалім болады, кәсіпкер болады, мем­лекеттік қызметке келеді. Консти­туцияның тағдыры дәл солардың күнделікті қабыл­дайтын шешім­де­рінен, кәсіби адалдығынан, азаматтық ұстанымынан кө­рінеді.

Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция универ­си­теттердің мис­сия­сына да жаңа мазмұн береді. Қазіргі за­манғы университет тек білім беретін мекеме болып қалмауы тиіс.

Ол – құқықтық мәдениет қалып­тас­тыратын, еркін ой­лайтын, пікір алуандығын құрмет­тейтін, заңды сыйлайтын, қоғамдық жауапкершілікті сезінетін азаматтарды тәрбиелейтін орта болуы керек.

Жаңа Конституцияда ғылыми, техникалық және көркем шығар­ма­шылық еркіндігіне конституциялық кепілдік беріледі.

Академиялық қауымдастық үшін бұл ерекше маңызды. Өйткені ғылым тек еркін ортада ғана дамиды. Жаңалық ашуға ұмтылыс, сындарлы пікірталас, ғылыми адалдық, жаңа идеяларға ашықтық – мұның бәрі университет өмірінің табиғи қағидалары болуы тиіс. Конституция осы құндылықтарды қорғау арқылы ғылымның ғана емес, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға жол ашады.

Сонымен бірге жаңа Конституция құқықтар мен міндеттердің өзара ажырамас байланысын айқын көр­сетеді. Біз көбіне құқықтар туралы көп айтамыз. Бұл – дұрыс. Алайда кез келген құқық жауапкершілікпен ұштасқанда ғана өзінің шынайы мәніне ие болады. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығын мойындау, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – демокра­тиялық мемлекеттің орнықты дамуы­ның басты шарттарының бірі. Сон­дықтан жаңа Конституция азаматқа тек мүмкіндік беріп қана қоймайды. Ол азаматқа сенім артады. Ал сенім әрқашан жауапкершілікті талап етеді. Сенімсіздікпен жаппай бақылау жасау, биліктің өзін халық тарапынан күмәнға қалдырады. Бұл күмәнданушылық билікке сенімсіздікті күшейте­тін­діктен, арты халықтың басқа саяси жүйені іздеуге мәжбүр етуі ықтимал. Конституцияның шын бағытынан ауытқымауы осының алдын алады. 

Мен мемлекеттік қызметте біршама уақыт еңбек еттім. Сол жылдар маған бір ақиқатты анық түсіндірді: ешқан­дай заң өздігінен жұмыс істемейді. Заңның күші – оны орындайтын адамдардың құқықтық мәдениетінде. Ал құқықтық мәдениет – тәрбие мен білімнің жемісі.

Сондықтан бүгін университет қабыр­­ғасында жүріп, мен жаңа Консти­туцияның болашағы ең алды­мен жастардың дүниетанымына байла­нысты екенін бұрынғыдан да терең сезінемін. Өйткені бірнеше жылдан кейін дәл осы жастар еліміздің барлық саласында еңбек етеді. Олар қабыл­дайтын әрбір шешім, атқаратын әрбір іс, көрсететін әрбір қызмет Консти­туция қағидаттарының өмірде қалай жүзеге асатынын көрсетеді. Сондықтан жаңа Конституцияның болашағы – бүгінгі аудиторияларда, зертханаларда, кітапханаларда, ғылы­ми жобаларда қалыптасып жатыр.

Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық жүйесін ғана жаңартпайды. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа сапасын қа­лыптастыруға бағытталған. Бұл – аза­маттың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғауды күшейтетін, мем­­­ле­кеттік институттардың жа­уап­­кер­­­шілігін арттыратын және қоғамдық келісім мен өзара сенімге сүйенетін жаңа даму бағыты.

Алайда кез келген Конституцияның өміршеңдігі оның мәтінімен ғана өл­шен­бейді. Оның шынайы күші күн­делікті өмірде көрінеді. Мем­лекеттік қызметшінің әділ шешімінен, судья­ның адалдығынан, дәрігердің кәсіби­лі­гінен, ұстаздың парасатынан, ғалым­ның ізденісінен, кәсіпкердің жа­уап­­кершілігінен, әр азаматтың заңға деген құрметінен көрінеді. Осындай қа­ра­пайым, бірақ аса маңызды әре­кеттер арқылы Конституцияның қағи­даттары қоғамдық өмірдің ажыра­мас бөлігіне айналады.

Сондықтан жаңа Конституцияның табысы тек мемлекеттік органдардың қызметіне ғана байланысты емес. Ол әрбір азаматтың құқықтық мәде­ниетіне, азаматтық ұстанымына және ел болашағына деген жауап­кершілігіне де тікелей байланысты.

Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев: «Әділетті Қазақстан – бұл ең алдымен Әділетті азаматтар мекені» деп атап өткен болатын. Бұл ой жаңа Конституцияның рухымен толық үндеседі. Өйткені әділетті қоғам заң­ның күшімен ғана емес, азамат­тардың саналы таңдауы мен ортақ жауап­кершілігі арқылы қалыптасады.

«Заң мен тәртіп» қағидаты өмі­ріміздің факторына, тұрмыс-тірші­лігіміздің өлшеміне, халықтың рухани құндылығына айналуы тиіс. Заң мен құқықтан саяси мақсаттарды жоғары қою байқалады. Саяси мүдделерден тәуелсіз тап-таза құқықтық шындық бар деп ойлау да қиын. Дегенмен, құқықтық емес бағыттағы ойлау дағдысынан кетуге үйренуіміз қажет.

Университеттер осы үдерістің бел ортасында болуы тиіс. Өйткені мем­лекет болашағы ең алдымен ауди­торияларда қалыптасады. Дәріс­ханаларда тек маман даярланбайды. Онда азамат қалыптасады.

Заңды құрметтеу, пікір алуан­дығына төзімділік, академиялық адал­дық, ғылыми еркіндік, қоғамдық жауапкершілік сияқты құндылықтар студенттік жылдары орныққанда ғана олар кейін кәсіби өмірдің де ажырамас қағидатына айналады.

Сондықтан бүгінгі университеттің миссиясы бұрынғыдан да ауқымды. Ол – еңбек нарығына қажет маман ғана емес, мемлекет тағдырына бейжай қарамайтын, заң үстемдігін құрмет­тейтін, елдің дамуына үлес қоса алатын азамат тәрбиелеу.

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсын­ұлының: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген сөзі бүгін де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Егер біз жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтарды жас ұрпақтың дүниетанымына сіңіре алсақ, онда оның қағидаттары қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, қоғамдық өмірдің табиғи өлшеміне айналады.

Біз жаңа Конституциямен бірге жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Бұл – құқықтық реформалардың ғана емес, қоғамдық сананың жаңғыру кезеңі.

Бұл – мемлекетке ғана емес, әр­қай­сы­сымызға жүктелген жауап­кершілік. Өйт­­кені Конституцияны бір күнде қа­былдауға болады. Бірақ оны өмір сал­тына айналдыру – уақыттың, тәр­бие­нің, білімнің және ортақ еңбектің жемісі.

Сол себепті жаңа Конституцияның болашағы мемлекеттік мекемелерде ғана емес, әрбір отбасында, әрбір мек­тепте, әрбір университетте қалып­тасады.

Өйткені Конституция, шын мәнін­де, адамнан басталады.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

Басқарма төрағасы – ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы