«Мен – дауылға қарсы тұрған түлегің»

231

0

Фото: автордан

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлікпен көзге түскен қазақтың ақын-жазушылары аз емес. Қаламын қаруға айырбастап, майданның алдыңғы шебіне ұмтылған қаламгер қауымның сол бір қилы кезеңдегі және бейбіт өмірдегі шығармашылығын насихаттау – бүгінгі күннің парызы. Әлімбай Әлиасқаров жастайынан ескіше араб тілінде оқып, сол кезден өлеңге таласы барын байқатты. Зеректігімен көзге түсе бастаған бала Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мектебінде білімін шыңдай отырып, шығыс әдебиетімен танысты. Сөз маржанын теріп, тереңіне бойлай, өлең құдіретін санаға түйді. Заман өзгерген уақытта Кеңес мектебінде 7 сыныптық білім алды. Жас ақын ел ішіндегі түрлі ұйымдастыру шараларына қатысты да, 1937 жылы «халық жауы» деп жазықсыз жазаланып, Ұлы Отан соғысы басталғанша өмірін Колымада өткізді. Қуанышқа қарай, 1958 жылы толық ақталды.

Айдауда тауқымет тарта жүріп, өз еркімен майданға сұранды. Сталинград маңайында соғысқа кірісіп, жанқиярлықпен шайқасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Жеңіс күнін І Беларусь майданы шебінде, Польша мен Венгрия жерлерін азат ету кезінде қарсы алған. Орда бұзар жігіт соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталады. 39-гвардиялық атқыштар полкінің командирі болған Әлімбай Әлиасқаров жауды жеңіп, бүкіл ел болып күткен Жеңіс күнінен кейін елге бір-ақ оралды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де бекер жатпай, ата кәсіп – егіншілікпен айналысты. Ғұмырының соңына дейін еліне, туған жеріне адал қызмет етті. Осындай тынымсыз да ауыр қайнап жатқан жұмыс ортасында жүріп те қолынан қаламы түспеген.

Ол 1974 жылы Меккеге іссапармен барды. Мұнан ақынның қажылық парызын өтеу ниетінің болғанын аңғарамыз. Кеңес үкіметі кезінде дін мәселесін қозғап, 1983 жылы Қармақшы ауданының Жосалы ауылында алғашқы мұсылмандар мешітін ашуға ұйытқы болды. Сол жылы Ташкентте Орта Азия дінбасыларының бас­қосуы өткізіліп, оған Сыр елінің атынан арнайы қа­тысқан. Өмір жолы үлгі-өнегеге толы, отты жыр­лары­мен қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосқан, өзін­дік қолтаңбасы бар ақын 1998 жылы дүниеден озды.

Әлімбай Әлиасқаровтың өлеңдері «Пернедегі термелер», «Нақыл сөздер», тағы басқа топтама жинақтарға енді. Оның көпшілігі республикалық газет-журналдарда, соның ішінде басым бөлігі өзіміздің қазіргі «Сыр бойы», «Қармақшы таңы» газеттерінде жарияланды. «Еңбек күйі» атты өлеңдер жинағы 1965 жылы және «Қанатты қыз» жыр жинағы 1975 жылы «Жазушы» баспасынан аз данамен баспа бетін көрді. Кітапқа 21 өлеңі, 5 терме жыры, «Қанатты қыз» атты ұзақ өлеңі және «Ел қорғаны», «Қожансыр хикаясы», «Үндемес қыз» атты өлеңмен жазылған аңыздары енген.

Көзі тірісінде Әлімбай ақынның басқа шығар­малары жарық көрмеген екен. Ұрпақтары, қара ормандай халқы 2008 жылы қазақ халқының арғы-бергі тарихы, рулық-туыстық қатынастың ерекше­ліктері сөз болған «Қазақ шежіресі» атты тарихи шығармасын жариялады. «Сырдария кітапханасы» 200 томдығының бір томы Әлімбай Әлиасқаровқа арналды. Жүз жылдығына ас берілгенде Алмас Алматовтың бастауымен бірнеше термесі халыққа ұсынылып, оң бағасын алды.

Отанын сүйген, ұлттық салт-дәстүрін бойтұмар қып ұстаған, өлеңге өнердің пірі деп баға берген Әлімбай Әлиасқаровтың атамекенге деген сағынышын, туған жерге деген ыстық сезімін от кешкен майданнан жазылған өлеңдері толық айғақтайды.

«Майданнан хаттар» атты өлең топтамасының төртінші хатында:

…Біздің қыран қызыл ердің,

Батты жауға тырнағы.

Тұлғасындай күш-жігердің

Достар тірі, жүр бәрі.

Майдан үсті апыр-топыр,

Жатыр жаулар қан болып

Фашист қашып бара жатыр,

Сәтті біздің бар жорық…

– деп, қан майданда қасық қаны қалғанша Отан үшін күресіп жатқан жолдастарының амандығын туған елге жеткізе отырып, жорықта айы оңынан туып, жолы болғанын хабарлайды. Туған жерін ту еткен ерлер үшін, өзі үшін алаң болмауды сұрайды. Жалпы, майдан хаттарынан Әлімбай ақынның өмірге деген оптимистік көзқарасын, майдандас достарымен қатар тыл жұмысшыларына да жігерлендіру сөздерін аямай, ерен еңбек үшін алғыс білдіргенін көруге болады.

Атқыштар полкінің командирі ретінде сарбаздарды ұрысқа жұмылдыру, зұлым жаудың басқыншылығына қарсы маңызды тактикалық шешімдер қабылдау сияқты аса күрделі сынақтардан сүрінбей өтіп, қол астындағы жауынгерлердің намысын жанитын отты жырлар оқитын, даналық нақылдар айтатын данышпан ұстазға айналған.

…Алаңдама, бауырлар!

Ертең жеңіп фашисті

Аламын жаудан кегіңді, – деген өлең жолдарының өзі де жоғарыда айтылған сөзді растайды.

«Жерім үшін, елім үшін жырлаймын» атты жырында:

О, Туған жер, қадіріңді білемін,

Сенде өмір, сенде сая тірегім.

Туған жерім, топырағыңнан жаралып.

Мен – дауылға қарсы тұрған түлегің.

Туған жерім, сенде ажар-реңім.., – дейді ақын.

Туған жерін сая-тірегіне балап, өзін небір дауылдарға қарсы тұрар кішкентай балапан-түлегі екенін айтқанда, Әлімбай ақынның елі барда күш-қайратының таусылмайтынын және елі үшін жанын аямай, қиындықтарға қарсы тұратынын байқауға болады.

Ертелі-кеш Сырға келіп қараймын,

Құлағыма келіп, түрлі тарайды үн.

Тамашасы таңырқатып талайды,

Сары сазанды ойнатады арай күн.

…Ағып жатыр Сырдария ырыспен,

Атақты ол ат тісіндей күрішпен.

Өзгермейді қарсы алады ұрпақты,

Айнымайды әрқашан да ұлы істен, – деген «Сырдария» атты жырында жерін де, суын да, тасын да, тіпті қыбырлаған жанды тіршіліктің барлығын сүйетінін, мақтан ететінін айтады.

Әлімбай Әлиасқаров дүниетанымында адамгер­шiлiк мәселесi негiзгi орын алады. Оның өмiрге деген парасатты көзқарасы, елiне деген бекем сүйiспеншiлiгi, адамдықты құрметтей бiлген қабiлетi өнегеге толы терме-жырларынан аңғарылып тұр. Тоқсан жасқа келіп, дүниеден озған ақынның бар ғұмыры халықпен бiте қайнасып өткен. Оның жыр-толғау­ларында адамға деген мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, сүйiспеншiлiк қай жағынан болса да, бiрiн-бiрi толықтырып жатыр, туған-туыстармен тiл тигiзiп қырқыспайтын, бет жыртысып көңiл қалдырмайтын татулық сезiмi айқын бiлiнедi.

Әлімбай ақынның әлеуметтік мәселерді көтерген «Құрметтеймін, халқым-ау!» сияқты философиялық толғауларында «Болмашыға ренжіп, кетірмеңдер әріңді…», – деп, бәрі де дүниеден өтеді дегенді мең­зейді. 

Ақынның патриоттық сипаттағы елді ерлікке, бірлікке шақырған жалынды жырлары, отты терме-толғауларының бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары соны айғақтайды. Әлімбай ақынның әлі де зерттеуді қажет ететін туындылары жетерлік. Ол алдағы күндердің еншісінде.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<