Қызылорда қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында қазір қарбалас. 18 жыл бұрын ашылып, содан бері жөндеу көрмеген демалыс орны көп ұзамай жаңа кейіпке енбек. Ол үшін «Big Global» компаниясының құрылысшылары күннің ыстығы мен суығына, желіне де қарап жатқан жоқ. Мұны нысан басына барғанда өзіміз де байқадық.
Жоба-сметалық құжат бойынша жалпы абаттандыру аумағы 71,66 гектардан асады. Оның 20 мың шаршы метрге жуығы – құрылыс алаңы, 96 мың шаршы метрден астам жерге кеспетас төсеніш төселіп, 93 мың шаршы метрден астам жерге жасыл желек егіледі. Сонымен қатар тұманды фонтан, шолу дөңгелегі (колесо обозрение), тамақтану аумағы, амфитеатр, ойын, футбол, аттракцион, скейт-парк, памп-трек, футбол, стритбол, теннис корты, бадминтон, баскетбол, воркаут, шахмат алаңдары, велосипед жолы және одан өзге мүмкіндіктер қарастырылған. Осы жұмыстарға 15 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталып отыр.
– Бірінші кезең бойынша арканы қайтадан жаңғыртып, брусчатка, тас төсеп жатырмыз. Футкорд, жаяу жүргіншілер субұрқағы салынып, мамыр айының соңына қарай келушілерді қабылдай бастаймыз. Екінші кезең бойынша жұмыс аркадан Денсаулық саябағына дейінгі аралықта жалғасады. Ол жақта үшінші субұрқақ, екі резервуар, әртүрлі алаңдар салынады. Жыл соңына қарай бұл жер еліміздегі ең көрнекі орындардың біріне айналады, – деді «Big Global» компаниясының шебері Медет Байташев.
Маусымдық жұмысқа 150-ге жуық адам тартылған. Оның 90%-ы – жергілікті тұрғындар.
Қызылорда қаласында үлкенді-кішілі 42 саябақ және демалыс паркі бар. Оның ішінде қалалық аттракциондар паркі, Тұңғыш Президент паркі, Б.Шөкенов атындағы саябақ және Қорқыт ата саябағына тұрғындар жиі келеді. Аталған демалыс орындарының 70%-дан көбі ескірген. Қаланың келбетін дамыту, туризм деңгейін көтеру, халыққа сапалы демалыс орындарын ұсыну мақсатында оларды қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджеттен 24 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланған.
Бүгінгі күні сондай-ақ 1953 жылы ашылған аттракциондар паркін, 2002 жылы пайдалануға берілген Қорқыт ата атындағы саябақты, 2018 жылы Пионерский парк атауын ауыстырған Б.Шөкенов атындағы саябақты өзгертуге күш жұмсалуда.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<