Конституция

Қалам елді түзейді

4

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар. Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.

– Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет.

Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз.

Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Конс­титуция – халқымыздың темір­қазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі екеніне назар аударды.

– Негізгі құжатта еліміздің Еге­мендігі мен Тәуелсіздігін қорғау, аза­маттардың құқықтары мен бостан­дықтарын мүлтіксіз сақтау, Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілді. Конституцияда білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту стратегиялық бағыт деп танылды. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жасампаз отаншылдық пен еңбексүйгіштік идеясын дәріптеуге, табиғатқа қамқорлықпен қарауға басымдық берілді. Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ. Сондықтан қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұр. Бұл – Отанымызды өнегелі мемлекетке айналдыру. Немерелеріміз ағымдағы кейбір олқылық­тарымызды, қателерімізді кешіруі мүмкін. Себебі әр жұмыс, әр еңбек қатесіз болмайды. Бірақ Егемендігімізге зиян келтіріп, Тәуелсіздігімізді қорғай алмасақ, олар бізді ешқашан кешірмейді. Өйткені Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет. Онсыз ештеңе болмайтыны айдан анық. Мемлекетіміздің тұғыры – әділеттілік. Бұл ұғымның масылдыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, әділеттілік, бұл – еңбекқорлық ұғымына жақын түсінік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші ша­қырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды.

– Қос палатаның бірлескен отырысына міндетті түрде қатысамын: тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып өтемін. Біз, Қазақстан халқы жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтыма­ғымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін­ше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген жауап­ты миссияны жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдас­тықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс.

– Медиаиндустрия цифрлық дәуір­дің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матрицаның – қоғам өмі­ріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағ­дай осындай. Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мульти­медиялық плат­форма құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артық­шылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журна­листиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы журна­лис­тердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды.

– Заманауи технологиялар цифр­лық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботоферма­лардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалып­тасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объек­тивті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғам­ның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мем­лекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейне­лерін түп­нұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұн­дай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа сала­сының қызметкерлері жауап­кершілік таны­тып, мемлекеттің аталған ги­бридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанда БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасалғанын айтты.

– Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда сөз бос­тандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келе­тіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес. Ал­дымызда адамдар жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиа­сауаттылықты барынша арттыру міндеті тұр. Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамта­масыз ету үшін жасанды интел­лект технология­сының мүмкін­діктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды. Біз Заң мен тәртіпке бағы­натын ел ретінде құ­қықтық нигилизмге, әсіре­шілдікке, яғни, радикализмге және халқымыз­дың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сән-сал­танатты өмір мен «жеңіл ақша» культін дәріптеу дұрыс емес деп санайды.

– Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылықтары мен өмірлік мұратына теріс ықпал етеді. Жастар медиа­кеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл – төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жас­тарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жо­ғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік бо­лары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қара­пайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдеп­тен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы. Сон­дықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіп­сіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет. «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт арта­мыз. Ақпарат саласының қыз­меткерлері қашан­да ұлт сапасын жақ­сартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы журналистика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлғалар қызмет еткенін атап өтті.

– Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғас­­тырып келесіздер. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Мемлекет медиа саласы қызмет­керлерін әрдайым қолдайды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін жур­налистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бә­ріңізге құтты болсын деймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.

– Сіздер қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнық­тыруға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын кеңінен дәріптеуге белсене атсалысып келесіздер. Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін. Мен бүгін Қазақстан Республикасының журналис­тикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін медиа саласының үздік маман­дарына жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Марапатталған азамат­тардың ара­сында саналы ғұмырын ақпарат сала­сына арнаған ардагер қызметкерлер де бар. Осы тұста ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүр­гізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құр­меттейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұ­қан­қызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым. Сондай-ақ қазір ортамызда отандық медианың мәрте­бесін арттырып жүр­ген тә­жірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ қыз­мет­керін мемлекеттік наградалармен марапат­тады. Сондай-ақ журна­лис­терге Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы, гранты және Алғысы тапсырылды.