Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына арналып, онда қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясы ерекше сөз болды. Ол туралы тоғызыншы басымдықта айтылды. Президент заң мен тәртіп мемлекеттік құрылымның басты қағидаты, шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі екенін атап өтті. Заң мен тәртіпке бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмайтынымызға тоқталды. Сондықтан осы қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру – басты міндетіміз. Осы орайда әділдіктің жаршысы, тәртіп пен талаптың қолдаушысы ретінде сол салада жемісті еңбек етіп келе жатқан азаматтардың еңбегі лайықты бағалауға тұрарлық.
Әділдік дәлелден, ал дәлел кәсіби сараптаудан басталады. Адам тағдыры таразыға түсетін әрбір сот ісінде бір ғана дәлелдің өзі кінәліні жазадан құтқарып немесе жазықсыз жанның ақталуына себеп болуы мүмкін. Осындай сәтте ақиқаттың жолын айқындайтын, ғылым мен заңның тоғысқан тұсында қызмет ететін маман – сот медицинасы сарапшысы.
Бұл – көпшілікке көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызы өлшеусіз кәсіп. Сарапшы өз қорытындысын ешкімнің ықпалына емес, тек ғылыми дәлелге, кәсіби білімге және ар-ожданға сүйеніп жасайды. Оның әрбір сараптамасы адамның тағдырына, қоғамдағы әділдіктің салтанат құруына, заң үстемдігінің сақталуына тікелей әсер етеді. Сондықтан сот медицинасы сарапшысы – тек дәрігер ғана емес, ақиқаттың жаршысы, әділдіктің қорғаушысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамын құрметтеу – Әділетті Қазақстанның басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап келеді. Шын мәнінде, қоғамның тыныштығы мен заңның үстемдігі жолында адал еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі әрдайым жоғары бағалануға тиіс. Солардың бірі – облыстық Сот сараптамалары институтының тәжірибелі сот медицинасы сарапшысы Серік Жеткербайұлы Тоқатаев.
Қазалы ауданында дүниеге келген ол туған жердің тәрбиесін бойына сіңіріп, жастайынан адамға қызмет етуді өмірлік мұрат санады. Осы арман жетегімен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында дәрігер мамандығын игерді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын туған өлкесінде бастап, халық денсаулығы мен заң үстемдігі жолындағы жауапты қызметке кірісті.
Бүгінде ол сот медицинасы саласында жиырма жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде жүздеген күрделі сараптама жасап, қоғамды алаңдатқан қылмыстық істерге назар аударып, ақиқатын анықтауға кәсіби үлес қосты. Оның әрбір қорытындысы ғылыми негізділігімен, дәлдігімен және объективтілігімен ерекшеленеді. Себебі, сарапшы үшін болжам емес, дәлел ғана маңызды.
Сот медицинасы – ерекше төзімділікті талап ететін мамандық. Бұл қызметте эмоцияға емес, фактіге сүйену қажет. Кейде сарапшы ауыр қылмыстардың, жол-көлік оқиғаларының, өндірістік апаттардың немесе адам өміріне қатысты қайғылы жағдайлардың мән-жайын анықтайды. Мұндай істерде кәсіби біліммен қатар психологиялық беріктік, сабыр, әділдікке деген адалдық пен жоғары жауапкершілік қажет. Себебі бір ғана қате қорытынды адамның тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін.
Сондықтан сот сарапшысы тәулікпен санаспай еңбек етеді. Оқиға орнына шұғыл шығу, күрделі зертханалық зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми әдістемелерді пайдалану, заң талаптарын мүлтіксіз сақтау – оның күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі. Бұл – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ мемлекет қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қорғауда айрықша маңызға ие еңбек.
Осындай жауапты қызметтегі қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Серік Жеткербайұлы бірнеше ведомстволық марапаттың иегері. Соның ішінде «Тергеу қызметіне – 60 жыл» мерейтойлық медалі оның құқық қорғау органдарымен тығыз байланыстағы адал еңбегіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі.
Әріптестері оны кәсіби біліктілігі жоғары, байыпты, талапшыл әрі принципшіл маман ретінде құрметтейді. Жас сарапшыларға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесін бөлісуден ешқашан жалықпайды. Оның өмірлік ұстанымы – ақиқаттан аттамау. Осы қағида оны ұзақ жылдар бойы абырой биігіне көтеріп келеді.
Еңбек адамының қадірі атқарған қызметінің қоғамға тигізген пайдасымен өлшенеді. Ал сот медицинасы сарапшысының еңбегі сырт көзге біліне бермеуі мүмкін. Алайда бұл мамандық иелері қаншама төзім, жауапкершілік, жанкештіліктің ауыр жүгін арқалайды. Бұл – әділдіктің салтанат құруына, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыра түседі. Еселі еңбек қай кезде де жоғары бағаланады. Талап пен тәртіп сақтау жолында игілікті істердің жүзеге асуына негіз қалайды.
Тәжірибелі мамандардың кәсіби қорытындысының арқасында әділ үкім шығарылып, жазықсыз жан ақталып, кінәлі заң алдында жауап береді. Ақиқатқа адалдық пен әділдікке қызмет ету – кез келген маманның қолынан келе бермейтін қасиет. Осы қасиетті өмірлік мұрат еткен Серік Жеткербайұлы Тоқатаевтың еңбек жолы – кәсібіне деген адалдықтың, азаматтық жауапкершіліктің және еңбек адамына тән биік парасаттың жарқын үлгісі.
Қ.ӘБІШ





