Конституция

Сенаттың соңғы отырысы

4

0

Кеше өткен жиында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламенті 30 жыл ішінде өкілді демократияның негізгі институтына айналғанын және бұл уақыт аралығында ел өмірінің барлық негізгі саласын қамтитын маңызды шешімдер мен заңдар қабылданғанын айтты. Сондай-ақ парламенттік реформа – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген ауқымды жаңғырту стратегиясының дәйекті жалғасы екенін жеткізді.

– Еліміз үшін тағдыршешті осы кезеңде өзімнің және Сенаттың депу­таттар корпусы атынан Президенті­міз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы ризашылығымызды біл­діреміз. Мемлекет басшысының бізге артқан зор сенімін, жан-жақты қол­дауын және ауқымды реформаларды жүзеге асыру жұмыстарына қатысуға берген мүм­кін­дігін жоғары баға­лай­мыз. Біз әрдайым Тәуелсіздікті ны­ғайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және халық мүддесіне қызмет етуді көздейтін Президент сая­сатына адал болып қала береміз. Бүгінде Қа­зақстан сапалық тұр­ғыдан жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Сон­дық­тан жаңа Конс­ти­туцияны толыққанды іске асыру және Әділетті Қазақстан құру жолында барлық прогрессивті қоғам­дық-саяси күш­тердің Мемлекет басшы­сының саясаты төңірегінде топтасуы аса маңызды, – деді ол.

Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, Сенат өз тарихында 890-нан астам оты­­рыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заң­ды қабылдап, мақұлдаған. Әрбір онын­шы заң депутаттардың баста­ма­сы­мен әзір­ленген. Бұл құқықтық акті­лер Қазақ­стан­ның жаңа саяси, эко­но­микалық және фискалдық мо­де­лінің не­гізін қалап, әлеуметтік сая­сат­тың берік құқық­тық базасын қалып­тастырды.

– Сонымен қатар сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту, азамат­тардың құқықтарын қорғау, заң үстем­дігін қамтамасыз ету және ұлт­тық қауіпсіздікті нығайту әрдайым басым бағыттардың қатарында бол­ды. Заң шығару қызметімен қатар Па­лата басқа да бағыттарда белсенді жұмыс жүргізді. Осы кезеңде 60-тан астам парламенттік тыңдау мен 3 мыңнан астам жоспарлы іс-шара ұйымдастырылды. Үкіметке қоғам­да­ғы өзекті мәселелер бойынша 3 мыңға жуық депутаттық сауал жол­данды. Осындай ауқымды жұмыс­тың бар­лы­ғы халықтың мүддесін қорғауға және мемлекетімізді нығайтуға бағыт­­талғанын атап өткен жөн, – деп толық­тырды Мәулен Әшімбаев.

Палата Спикері бұл ретте ел игілігі жолында бірлескен нәтижелі жұмыс үшін әріптестеріне алғыс айтты. Сон­дай-ақ отырыста Сенаттың өңір­лердегі қызметіне, қоғамдық-саяси коммуни­кацияны нығайтуға, рефор­маларды ха­лыққа түсіндіруге, түрлі сала маман­дарының сараптамалық әлеуетін дамы­туға арналған жоба­ларына ерекше назар аударылды. Сенат Төрағасы «Өңір», «Бір ел – бір мүдде» депутаттық топтарының, «Ұлт­тық мүдде» диалог алаңының, Ор­нықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асы­рылуына мониторинг жүргізу жөнін­дегі парламенттік комиссияның, сон­дай-ақ, жүздеген белсенді азаматтың басын біріктірген Сенат жанындағы Taldau community жобасының жұ­мысын жоғары бағалады.

Қорытынды отырыста Сенат инклю­зивті қоғамды дамытуға және парас­портты қолдауға арналған әлеуметтік, спорттық жобаларды жүйелі түрде іске асырып келе жатқанына мән берілді. Палата 20 жыл бойы Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съезін және оның Хатшылығының оты­рыс­тарын жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­рып келгені де назардан тыс қалған жоқ.

«СБ» ақпарат