Бұрынғы «Бесарық» ауылдық округі қазір ресми түрде Жаманбай батыр ауылдық округі деп аталады. Ал оның орталығы – Бесарық ауылы. Сонымен қатар, округке Бесарықтан үш шақырым қашықтықта орналасқан «Кеңес» ауылы да кіреді.
Аталған елді мекендер аудан орталығы Жаңақорған кентінен 70 шақырым жерде орналасқан. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының бойымен ауылға 40 минутта жетуге болады.
Кеңес дәуірінде ауылда «Талап» совхозы жұмыс істеген, оның негізгі бағыты мал шаруашылығы болған. Қазіргі таңда да ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Ауыл әкімі аппаратының бас маманы Зинура Назарымбетованың айтуынша, округте 36 мыңнан астам мал тіркелген, бұл – аудан бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Бүгінде ауылдық округте екі орта мектеп, өнер мектебі, мемлекеттік балабақша, үш жеке балабақша, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Сонымен қатар, ветеринарлық пункт, балаларды сауықтыру лагері, екі кітапхана және екі пошта бөлімшесі бар.
Кәсіпкерлік саласында үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС), 60 фермерлік қожалық, 112 жеке кәсіпкер тіркелген.
Кейінгі жылдары ауылда дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты, ауылдық клуб, мектепке қосымша құрылыс салынды. Көгалдандыру мен абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылға кіреберісте жасыл желекті қоршау орнатылып, 1500-ден астам ағаш көшеті отырғызылды. «Бесарық» пен «Кеңес» ауылдарындағы көшелердің басым бөлігіне асфальт төселді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Ауылдағы электр желілері мен жабдықтары жаңартылып, жеті трансформатор орнатылды, алты көше жарықтандырылды. Ауылдық округтегі барлық нысан орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып, тұрақты сумен қамтамасыз етілген.
«Бесарық» ауылында ауылдық клубтың алдында жаңа аллея мен субұрқақ салынды, бұл ауылдың көркін аша түсті. Шағын спорт алаңдары жөнделіп, жаңа тренажерлер орнатылды. Әсіресе, бұл алаңдардың қысы-жазы бос болмайтыны қуантады.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына зор үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік. Олардың демеушілігімен жасалған игі істердің бірі – Ноғай ата мешітінің мұнарасы мен 300 орындық асхананың салынуы, сондай-ақ «Кеңес» ауылындағы Құрбан ата мешітінің күрделі жөндеуден өткізілуі.
Демеушілердің қолдауымен өнер мектебі үшін 7,5 миллион теңгеге музыкалық аспаптар сатып алынып, заманауи сахна мен жасанды төсеніш төселген спорт алаңы пайдалануға берілді. Жалпы, түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға кәсіпкерлер тарапынан 15 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Білуімізше, ауылдық округтегі ресми жұмыссыздық деңгейі Жаңақорған ауданы бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі екен. Бұл – ауылдың даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш. Мұндай нәтижеге жетуге «Ауыл аманаты», қайтарымсыз гранттар, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар тәжірибесі, «Дипломмен – ауылға!» сияқты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тиді.
Мысалы, Бейбіт Батырұлы өз жылыжайын 1 миллион 300 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың арқасында ашқан.
– 2000-жылдардың басында ауылда қиын кезең болды. Жұмыс жоқ, жастар қалаға кетіп жатты. Бірақ соңғы жылдары олардың көбі ауылға қайта оралып, жаңа кәсіп түрлерін ашуда. Әсіресе, жастардың белсенділігі жоғары, – дейді ол.
Мемлекеттік бағдарламалар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен ықпал етті. Дегенмен, ең бастысы – мұндай нәтижеге ауыл тұрғындары өздерінің еңбекқорлығының арқасында жетіп отыр деуге әбден болады.
Мақсұт ИБРАШЕВ,
Жаңақорған ауданы