Ұмытылмас ұстаз

4

0

1985-1990 жылдары әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы С.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университеті) тарих факультетінің студенті кезімізде партия ұйымының хатшысы міндетін тарих ғылымының кандидаты, «Қазақ КСР тарихы» кафедрасының доценті Сүлеймен Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев атқарып жүрді. Ол кісіні сыртынан ғана білдік және ол факультеттегі әртүрлі ресми жиындарда төралқа мүшелерінің бірі болып отыратын.

«Қазақ КСР тарихы» кафедрасына ассистент болып қабылданып, кеше ғана өзіме дәріс оқыған ұстаздарыма әріптес болғанда замандастарының бәрі дерлік «Сүлеке» деп атайтын доцент Сүлеймен Тұрғанбаев та мені жылы қабылдап, ағалық қамқорлығын көрсетті.

Ол табиғатынан қарапайым, сабырлы, жүзінде белгілі бір принциптерге негіз­делген талап қойғыштық пен қаталдық байқалып тұрады. Бұл партия ұйымының хатшысы міндетін атқарып жүргендіктен болар деп ойлаймын. Негізінен ғалым адамның бойында адами және ізгілік қасиеттердің басым болатынын дәлелдеп жату артық.

«Қазақ КСР тарихы», одан кейін «Қазақстан тарихы» кафедрасында үш жылдай қызмет жасағанымда оның бір әріптесімізге, не студенттерге дауыс кө­тер­генін көрмеппін де, естімеппін де. Кейде әңгіме барысы шиеленісіп бара жатса, ортасына Сүлекең түсіп, мәмі­ле­герлікке шақырып, екі жақты татуластырып жіберетін.

Бұл эпизод – Сүлеймен Тұрғанбай­ұлының өміріндегі өзім көрген бір ғана оқиға. Ал оның Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтындағы, 1971-1992 жылдары университетіміздің тарих факультетіндегі жас ғалымдарға жасаған ағалық көмегі мен қайырымдылық істері қаншама десеңізші? Сүлекеңнің еңбек жолы университеттен соң Ғылым академиясының президиумында насихат­шы-референт болып басталған екен. Ол заманда бір ғана насихатталатын партия бар, Коммунистік партияның саясаты.

 Өзіміздің университеттің архивінде жеке ісі сақталған екен. Онда суреті, өмірбаяны, өтініштері, жеке іс парағы, ғылыми жұмыстарының тізімі және тағы сол сияқты қол қойылған, мөрі басылған құжаттар сақталған. Құжаттардың кө­бісі өз қолымен жазылыпты және толты­рылыпты.

Сүлеймен Тұрғанбайұлы 1937 жылы 4 қазанда Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық кеңесіне қарайтын Октябрь атындағы колхозда колхозшы шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол ауыл кейіннен «Талап» совхозы деп қайта құрылады. Жетіжылдық мектепті бітіріп, 1950-1953 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының (қазір Түркістан облысы) Түркістан станциясындағы №19 қазақ орта мектебінде оқиды. Мектептен соң 1953 жылы бірден С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне қабылданды. 1958 жылы университетті өте жақсы аяқтап, «Тарихшы және орта мектептерде тарих пәнінің оқытушысы» деген мамандық бойынша диплом алды. Сол жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының (ҚР ҰҒА) президиумына насихатшы-референт бо­лып жұмысқа орналасты. Қазақ және орыс тілдерін жетік білген, неміс тілін де тәуір меңгерген ол осы бағыт бойынша өзін болашағынан зор үміт күттірер жас маман ретінде көрсетті. Үш жыл референт болып жұмыс істейді де, ғылымнан күдерін үзбейді. Сөйтіп, 1961 жылы Тарих, архео­логия және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. 1963 жылы аспи­рантураға қабылданып, оны 1966 жылы аяқтайды және «1928-1941 жыл­дардағы Қазақстандағы сов­хоз­дар құ­ры­лысы» тақырыбындағы кан­­ди­­­­дат­тық диссертациясының қолжаз­ба­­­сын уақытында институттың бөлі­міне тапсырды. Бірақ та институт бас­шы­­лары жас маманның кандидаттық дис­сер­­­тациясын қорғауға жіберуге асық­­пайды. Өйткені 1967 жылы Кеңес ода­ғында ұлы мереке, яғни Октябрь социа­­листік революциясының 50 жыл­дығы болып саналды да, оған 1965-1966 жылдары дайындық жүргізіледі. «Октябрь революциясы және социалистік құрылыс» бөлімінде жұмыс істейтін болғандықтан, күштің негізгі салмағы осы бөлімге, оның ішінде бөлімдегі Сүлекең секілді жас мамандарға түседі. Олар 1967 жылы «Қазақстан Ұлы Октябрь революциясы кезеңінде. Оқиғалар жылнамасы» ат­ты ұжымдық монография даярлап, бас­па­дан шығарды. Мұндағы бір тарау­дың, «Қазақстан азамат соғысы жыл­дарында. Оқиғалар жылнамасы» атты баспаға жіберілген тағы бір кітаптың авторларының бірі болды. Бөлімдегі ең жас және екі тілде бірдей жазатын маман, барлық жұмыстан бас тартпайды, сапалы, сауатты және уақытылы орындап отырады. Міне, осындай жұмыс жас ғалымның кандидаттық диссертациясын қорғауға мұрша бергізбейді.

Сүлекең 1971 жылы ақпан айында канди­даттық диссертациясын сәтті қор­ғады. «Қазақ КСР тарихы» кафедрасына кон­курстық негізде доцент болып орналасты. Сол кезден бастап, 22 жыл бойы ғылыми-педагогикалық қызмет атқарды. Алғашқы жылы кафедра меңгерушісінің орынбасары болып жүргенде ақылын аямайтын. Дайындалған диссертациясын қорғау үшін бес жылдай уақыты кеткен. Нағыз ордабұзар шағында, 29-34 жастың арасында сол кездегі саясат бойынша ұлы мерекеге арнап талай еңбек жазып, оны жариялаумен, әртүрлі анықтамалар мен жоғарыдан түсетін түрлі қағаздарға жауап жазумен айналысқан. Маған сол жолға түсіп кетпе, тезірек ғылыммен айналысып, ғылыми дәрежеге ие бол деп берген кеңесі екен ғой.

Сүлеймен Тұрғанбайұлы көп ауыр­ған жоқ, білдірмей жүріп тез кетіп қалды. 1993 жылдың көктем айының бірінде үйінің алдында қоштасу рәсімі өтті. Өзіміздің кафедрадан Ә.Ха­сенов, С.Жолдасбайұлы, ал Ғы­лым ака­демиясынан досы Кеңес Нұрпейіс­ұлының болғаны есімде. Қаралы митингіде Кеңес ағамыз сөз сөйледі. Жақын туыстары марқұмды туған жері Жаңақорғанға, ата-анасының жанына апарып жерледі.

Сүлекеңнің 1959 жылы туған Ерік атты ұлы болды. Шамамен, 1991-1992 жыл­дары ағамыздың өте қатты қуанған сәтін көрдік. Кафедрадағы жалғыз телефоннан біреулермен хабарласып, немерелі бол­ғанын айтып жатты. Кейін қаланың орта­сындағы үйін сатып, ұлы басқа ау­данға көшкен екен. Сол кезден бастап аға­мыздың отбасымен байланыс мүлде үзіліп қалды. Кейінгі жылдары әл Фараби атын­дағы ҚазҰУ-да жақсы бір дәстүр қалыптасқан. Университетте ұзақ жыл еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған ғалым­­дарды мәңгі есте қалдыру мақса­тында әр факультеттегі кафедралар қол­дау­­шылардың көмегімен арнайы атаулы шәкіртақы тағайындап, оны ең үздік оқитын, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған студенттер мен магистранттарға тапсырады. 100 мың теңге көлеміндегі профессор Сүлеймен Тұрғанбайұлы атындағы шәкіртақыны жақын жерлес інісі, тарих факультетінің 1993 жылғы түлегі, белгілі кәсіпкер және танымал меценат Байқадам Абласанов он жылдай уақыт бойы үзбей беріп ке­леді. Байқадам секілді жанашыр, руха­ни пікірлес інілері тұрғанда тарих ғылы­мының кандидаты, доцент Сүлеймен Тұр­ғанбайұлы Тұрғанбаевтың есімі тарих­шы шәкірттері арасында ешқашан ұмы­тылмайды. Оның зерттеу еңбектерінің кеңестік кезеңдегі тарих­намада өзіндік орны бар.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы