Аз суды ұқыпты пайдалану – әрбір диқанға сын

484

0

Биыл Сырдария өзенінде қалыптасқан жағдайға байланысты 20 жоба жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда облысқа қарасты елді-мекендерге 61 насос қондырғысы жеткізіліп, 26 ұңғыма бұрғыланды және 14 каналды тазалау жұмыстары аяқталды. Бұл жөнінде тиісті сала мамандары журналистермен жүздесуінде баяндап берді.

– Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуы өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайын едәуір қиындатуда. Бұл көлдердің құрғауына, күріш егісінің кемуіне, табиғи мал азығының азаюына алып келді. Осыған байланысты 20 жобаны жүзеге асыруда «Су тапшылығы жағдайында бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жол картасы» жобасы әзірленді. Аталған жоба еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Биыл барлық қаржы (бюджет, шаруашылық құрылымдары, «Қазсушар» РМК) көздері есебінен жалпы ұзындығы 1 034 шақырымды құрайтын 162 каналды тазалау, 156 дана насос қондырғысын сатып алу, 87 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 322 дана гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жүргізілуде, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев.

Биыл ел Үкіметінің резервінен бөлінген 3,6 млрд теңгеге 21 каналды тазалау, 52 ұңғыманы қалпына келтіру және бұрғылау іске асырылады. Сондай-ақ, қашыртқы суларды қайта пайдалану және елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 133 дана насос қондырғысы сатып алынбақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазірге дейін елді мекендерге 61 насос қондырғысы жеткізіліп, 26 ұңғыманы бұрғылау, 14 каналды тазалау жұмысы аяқталған.

Облыстық коммуналдық меншікке 226 су шаруашылығы нысандары алынған. Коммуналдық меншікке қабылданған нысандарды тазалау, жөндеу кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен 19 каналды реттеу жоспарда тұр. Осы уақытқа дейін олардың 7-і орындалды. Қалғанында келісім-шартқа сәйкес жұмыс жүзеге асады. Осының нәтижесінде ұзындығы 158,1 шақырым  канал тазаланып, олардың бойында орналасқан 25 гидротехникалық құрылыс жөнделеді. Облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 23 дана насос қондырғысы сатып алынды.

– Былтыр облыстық бюджет есебінен Арал ауданы Аманөткел ауылындағы «Қамыстыбас» және «Ақшатау», Шиелі ауданы «Нәнсай-Көксу», «Шиелі-Телікөл» және Сырдария ауданы «Жаңадария-Қуаңдария» суландыру жүйелерінде  су қоймасын салудың техника экономикалық негіздемелері әзірленді.

Сондай-ақ, Қазалы ауданы «165», «Ішкі»,  Сырдария  ауданы  «Дәурен»,  «Екі бостандық», Қармақшы ауданы Жосалы кентінде «Балажарма» каналдарының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, биыл аталған жобалардың құжаттамасы және техникалық-экономикалық негіздемесін мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы қаралған.

Сондай-ақ, осы жылы облыстық бюджеттің шұғыл шығындарға арналған резервінен 11,9 млн теңгеге «Келінтөбе» магистралды каналына су беретін маңызды жұмыстың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба бойынша ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын жаңадан айналма канал қазылып, «Келінтөбе» каналына қосымша секундына 14-15 текше метр су беру көзделген.

Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасына бар болғаны секундына 83 текше метр су түсуде. Қоймадан өзеннің төменгі ағысына 550 текше метр су тасталуда. Облыс шекарасынан осынша көлемде су өтуде.

– Қазір жинақталған судың көлеміне байланысты есептеу жүріп жатыр. Былтыр Сырдария өзенінде судың аз болуы – ауыл шаруашылығы мен жеке шаруаларға тікелей әсерін тигізді. Сол қиындықтың алдын алуда «Шардара»  қоймасына  500 млн текше метр су артық  жинақталған еді, – деді «Арал-Сырдария» инспекциясының бөлім басшысы С.Әбуов.

Сырдария өзенінде судың төмендеуі кейінгі үш жылда тұрақты түрде көрініс беріп отыр.

  – Облыста диқандардың биік жерлерге егін егуі жиі кездеседі. Мұндай жағдай әсіресе Жаңақорған ауданында. Жыл сайын ескертіп келеміз. Өкініштісі, одан нәтиже жоқ. Біз әрбір тамшы судың межелі жеріне толықтай жетуіне мүдделі болуға тиіспіз. Әзірге бізде осындай жанашырлық жетіспей жүр. Қазіргі таңда диқандардың судан қиындық көрмеуі үшін қолдағы барлық мүмкіндік пайдаланылып отыр. Егіншілер де су дұрыс жүруі үшін каналдарды тазалауға дұрыс назар аударса деген ұсынысымыз бар. Әсіресе, шаруашылықаралық каналдарды тазалау ісі сын көтермейді. Олар көктемде ғана тазаланған. Онан беріде су жолдары қайырланып,  өскен қамыс не  өзге де жағдайлардан ағыс тежеліп отыр. Мұндай келеңсіздікке шаруашылықтардың тең жарымына тән.  «Қараөзек» арнасы арқылы су бірінші кезекте тапшылық туып отырған Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына жіберілуде, – деді «Қазсушар РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ж.Ерназаров.

Айтқандай, шаруашылықтардың су ақысын төлеуге де немқұрайлылық танытуы «Қазсушар» мекемесінің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Кейбір шаруашылықтарда қарыз қордаланып қалған.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<