Аудан жаңалықтары

401

0

Су ұңғымасы пайдалануға берілді

Осыдан біршама уақыт бұрын аудан орталығының батыс беткейінде орналасқан «Арал-1» су ұңғымасын қазуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын.

Бүгінде қазу жұмыстары толықтай аяқталып, су шығарылып пайдалануға берілді. Ұңғыма жайылымдық жерлерді суландыру және суаттармен қамтамасыз етуде пайдасы зор. Аталған жұмыстарды мердігер мекеме «PRIDE LTD» ЖШС жүргізді.

Кенттегі жәрмеңке

Әйтеке би кентінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жәрмеңкеге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барып, ауылдық округтерден әкелінген бау-бақша өнімдерін көрді.

Тұрғындар ауылдан әкелінген өнімдерді 10-15 пайызға арзандатылған бағамен сатып алды. Бұл жолғы жәрмеңкеде қауын-қарбыз, картоп, көкөніс пен жеміс-жидек түрлері, ет, сүт, балық өнімдері ұсынылды.

«Қызғалдақ» балабақшасына – 60 жыл

Тұрмағамбет ауылында №8 «Қызғалдақ» балабақшасының 60 жылдық мерейтойы

аталып өтті.

Шараға аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов қатысып, ұжым мүшелерін мерейтоймен құттықтады. Балабақша басшысы Жанаркүл Қаражанованы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттап, сый-сияпат табыстады.

Таэквондодан облыстық ашық турнир

Ұлт-азаттық көтеріліс қолбасшысы Сәрке батыр Өмірқұлұлын еске алуға арналған таэквондодан облыстық ашық турнир өткізілуде.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет қатысып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Оған айдынды Арал мен қарт Қаратаудың аралығынан 400-ге жуық спортшы 70 келі салмақ дәрежесінде бақ сынауда.

Дүбірлі көкпар сайысы

Ақжарма ауылында «Құрмет» орденінің иегері, айтыскер ақын Мамыр Байдәулетовтің жүлдесіне арналған ұлттық көкпар

сайысы өтті.

Көкпарда мықты шабандоздар бақ сынасты. Мұнан бөлек, Мамыр Байдәулетовтің өнердегі серіктері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров, тағы басқа жергілікті азаматтар қаржылай қолдау білдірді.

Жазғы маусым қорытындысы

Шиелі аудандық әуесқойлар футбол лигасы жазғы маусымын қорытындылады.

Іс-шараға үздік ойыншылармен қатар аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нариман Сапарбай қатысты. Шара соңында лига қатысушылары жүлделі орындармен марапатталды. «Рай Шиелі» командасы жеңімпаз атанса,  «Ру-6», «Шиелі РУ-6» командасы онан кейінгі орындарды бөлісті.

Ақниет – «Үздік әдіскер»

«Үздік әдіскер-2022» облыстық байқауында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Ақниет Ераханқызы жеңімпаз тұғырынан көрінді.

Үнемі тынымсыз еңбек пен шығармашылық ізденіс үстіндегі Ақниеттің осы қызметте жүргеніне бес жылдан асты. Тәлімгерлік қызметке кіріскеніне көп бола қоймаса да, білікті жастың жеткен жетістігі аз емес. Айталық, «Оқуға құштар мектеп» және «Дебаттық қозғалыстар» жобасы аясында қосымша жұмыстар атқара отырып, көптеген семинар, вебинар, байқаулар өткізіп отыруды да күн тәртібінен түсірген емес.

Дайындаған:

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<