Бюджет қаражаты кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталады

245

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бюджет қаражатын дұрыс жоспарлап, тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясында 2024 жылдың бюджет жобасына алғашқы нақтылауды ұсынып, іске асырылатын жаңа жобаларды таныстырды.

Еске салсақ, өткен аптадағы Қызылорда қаласы және аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте өзекті мәселелер қаралып, бірінші кезекте жүзеге асуы тиіс жобалар анықталды.

«2023 жылдың 13 желтоқсанында өздеріңізбен бірге 2024 жылға арналған облыстық бюджетті 650 млрд. теңгеге бекіттік. Бюджет түсімдерін 549 млн теңгеге ұлғайту, жыл қорытындысымен қалыптасқан қалдықтар есебінен 5,7 млрд теңгені қайта бағыттау, бірқатар бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің пайдаланылмаған қаржысын 22,1 млрд теңгеге қысқарту арқылы 28,3 млрд теңгені өңірдегі кезек күттірмейтін мәселелерге, оның ішінде электр желілерін тарту, елді мекендерді газдандыру жобаларын қаржыландыруға жұмсамақпыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі Қызылорда қаласындағы көше қиылыстары мен көпқабатты үйлердің аулаларына 700 бейнебақылау камерасын, жол жүру ережесін бұзғанды автоматты түрде анықтайтын 20 «Зияткерлік қиылыс» және 20 стационарлық жылдамдық өлшегіш қондырғысын орнатуға қосымша 2 млрд теңге бөлуді ұсынды.

Су тапшылығын ескеріп, суды аз қажет ететін дақылдар егу, әртараптандыру бағытындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Шиелі ауданында 300 гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері егу көзделуде. Жер дайындалды, қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. Жобаға 12 шақырым электр желісін тарту үшін 148,9 млн теңге бағытталуда.

Мұнан бөлек, тұрғындарға қолайлы орта жасау үшін 7,5 млрд теңге бөлінбек. Облыс орталығы көркейіп, тұрғындардың көз қуанышына айналған, мақтаныш сезімін оятқан бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Айналаға сән берген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар тарту етілді. Былтыр бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген көпқабатты үйлердің қасбеттері мен аулалары жаңғыртылды, көшелер абаттандырылуда, жолдар кеңейтілуде.

Сондай-ақ, аймақ бюджетінің басым бөлігі жұмсалатын әлеуметтік саланың шығыстарын қаржыландыруға қосымша 2,4 млрд теңге бағытталмақ.

Күн тәртібіндегі өзекті түйткілдердің бірі – тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмайды. Апатты тұрғын үйдегі отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 135 отбасыға үй сатып алуға 1,7 млрд теңге бөлу жоспарланды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<