ҚР Энергетика вице-министрі Қызылорда облысында болды

559

0

2023 жылғы 26 ақпанда Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовпен бірге «Байкен-U» ЖШС уран өндіруші кәсіпорнына барып, уранды өндіру мен өңдеудің толық циклімен, оның ішінде аффинаж зауытының жұмысымен танысты және ауысымдағы жұмысшылардың еңбек, тұрмыс жағдайын зерттеді.

Жалпы жер қойнауын пайдаланушының жұмысына оң баға беріліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі атап өтілді.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында 27 ақпан күні түске дейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және оның Қызылорда облысында орналасқан еншілес кәсіпорындарының қатысуымен олардың қазіргі қызметі мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Энергетика министрлігіне уран кен орындарын игеруді дамыту бағдарламасының тұжырымдамаларын және кен орындарына іргелес аумақтарда уранды барлау жоспарларын ұсыну, сондай-ақ кен орындарында уран өндіру кезеңін ұзарту мәселесін пысықтау тапсырылды.

Сол күні түстен кейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және өңірдегі көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдаланушыларымен жұмыс кездесуі өтті.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға Торғай-Палеозой учаскесінде ұңғыманы бұрғылау бойынша жұмысты жеделдету ұсынылды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ға және «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ға Оңтүстік Ақсай кен орнын жедел пайдалануға беру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

2023 жылғы 26 ақпанда ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің Қызылорда облысына үш күндік сапары басталды.

Сондай-ақ 2023 жылғы 28 ақпанда вице-министрдің өңір тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйымдармен кездесулері, азаматтарды жеке қабылдауы өткізілетін болады. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг ұйымдастырылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<