Қызылорда облысы – өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны бойынша көшбасшы

401

0

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігі

Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында биылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндауынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны бойынша Қызылорда облысы, Алматы қаласы, Қостанай облысы үздіктер қатарында.

Премьер-министр еліміздің экономикасы қолайсыз жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолын жалғастырғанын айтты. Жалпы барлық негізгі көрсеткіш бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында өсім бар.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, он айдың негізгі қорытындыларына тоқталды.

«2023 жылдың қаңтар-қазан айларында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Төмен тенденция көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің өткен айдан бері оң динамикасы байқалады. Аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша макрокөрсеткіштердің оң қарқыны қамтамасыз етілген. Ендігі міндет – жыл қорытындысымен экономиканың өсім қарқынын қамтамасыз ету. Өнеркәсіп саласында аудандарда көрсеткіш артып, тек Қызылорда қаласында 8,7%-ға төмендеді. Көрсеткіштің төмендеу себебі бәрімізге мәлім, ол – облыс аумағындағы мұнай ұңғымаларының сулануы және сарқылуы салдарынан мұнай өндіру көлемінің азаюы. Қызылорда қаласының әкімдігіне өнеркәсіп көрсеткіштері бойынша ай сайынғы өсімді қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте бюджет қаржысының игерілмеу қаупі бар Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының әкімдері және бірқатар басқарма басшылары баяндама жасап, қабылданатын шаралар туралы айтты.

Жиын қорытындысымен Қызылорда қаласы мен барлық аудандар әкімдері, облыстық бағдарлама әкімшілеріне жоспарланған қаражатты 100% игеру, қайтарылатын және қайта бағытталатын қаржылар бойынша тиісті министрліктермен 2 апта ішінде жұмыс жүргізу тапсырылды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<