Агробиологиялық орталық

1305

0

Ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ґлемдік деңгейдегі бірден-бір ґлеуметтік-экономикалық маңызы зор сала ґрі тұрақтылық кепілі. Табиғи-биоклиматтық мол қорға ие еліміздің жґне аймақтың бүгінгі күрделі кезеңде  халықаралық азық-түлік нарығында ірі ойыншыға айналуы бек мүмкін.

Ендігі кезекте мемлекет, ғылым, білім, өндіріс, қаржылық инсти­тут­тардың осы саланың бәсін ба­рынша жоғарылатуға атсалысуы қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Еліміздің білім саласында жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты – бәсекеге қабілетті мамандар даяр­лауды қамта­масыз ету десек, «Бәрін де кадрлар шешеді» деген тұжырым аграрлық сала үшін де өміршең. Көзделген меже үдесінен шығуда жоғары оқу орындарының  материалдық-тех­ни­ка­лық базасы ең маңызды рөл атқарады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі агро­биологиялық орталық – уни­верситет қалашығы жобасының  жемісі. Біздің аймақта аяқсу мәселесі қашан да өзекті болғандықтан, бастапқы кезеңде өндірістегі жанашыр азаматтардың қолдауымен  орталық аумағына екі ұңғыма (скважина) орнатылды. Әлі күнге бірден-бір суландыру көзі – солар. Орталық құрамына агробиологиялық учаске мен жылыжай шаруашылығы кіреді. Канадалық әріптестердің қол­дауымен салынған жылыжай шар­уа­шылығында осы кезге дейін халық­аралық қаржы институттарының, түрлі деңгейдегі бюджеттердің қаржы­лан­дыруымен бірнеше ғылыми жоба орындалды. Бұған қоса, студенттер асханасын экологиялық таза көкөніс­термен де қамтамасыз етіп келеді.

Агробиологиялық учаскеге әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылып, олар бой түзегесін бұл жер маңайындағы үйлердің тұрғындары серуендейтін орынға айналды. Сонымен қатар, білім алушылардың кәсіптік практи­калары өткізіліп, магистранттар мен докторанттар зерттеулерінің  қажет­тілігіне қарай сынақ-тәжірибелік алаң­дары ретінде пайдаланылып отырды.  Алайда, уақыт өте келе, өсіп тұрған ағаштар тоза бастады. Себептеріне келсек, басқаларын айтпағанда, ең алдымен, химиялық құрамы қолайсыз жерасты суының жақын орналасуынан топырақтың екін­ші қайтара тұздануы және өзеннен келетін химиялық микроэлементтерге бай аяқсудың болмауынан топырақ құна­рының төмендеуі дер едік. Өз кезегінде тәжірибелік танаптарды экологиялық сауықтыру қажеттігі жыл өткен сайын өткірлене түсті. Тиісті агротехникалық іс-шараларды атқаруда қаржы тап­шылығы қол байлап келгенін несін жасырамыз?!

Биыл университет ректоры ­Б.Ка­­ри­мова­ның бастамасымен ор­та­­лықты әлемдік, отандық тә­жіри­белерге сай инновациялық-тех­­но­логиялық, оқу-тә­жірибелік ке­шенге айналдыру жұ­мыс­тары қол­ға алынды. Жаңа маз­мұндағы даму бағ­дарламасының басым бағыт­­тарына тоқталсақ, біріншіден, білім алу­шы­лардың теориялық  білім­­­дерін оқу, зерттеу, ғылыми тәжі­ри­белерді жүр­гізу арқылы бекіту. Екін­шіден, білім бағдарламаларын ғылымиландырылған білім беру тұжырымдамасына сүйеніп жүргізу, яғни, университеттегі заманауи зерт­­ханалармен бірлесе болашақ маман­дардың кәсіби дайындығын өндіріс сұра­нысына барынша бейім­деу, шар­уашылықтарға жер-су ре­сурс­тарын пай­далану бойынша қызмет көрсету мен кеңес беру. Осынау қадам жоғары білім сапасына деген сенім­ділікті  қалып­тастыруға қызмет етеді.

Үшіншіден, аймақтың қатал та­биғи-климаттық, топырақ жағ­дайына бейімделген топырақ құнар­лылығын арттыратын, өсімдіктердің өнімділігін көтеретін және ресурсүнемдеуші тех­нологияларды әзірлеу. Ауыл шар­уашылығы дақылдарының (би­дай, арпа, күріш, жүгері, мақсары, түйе­жоңышқа, т.б.) жаңа сорттарын шығару және олардың оригиналды тұқымдарын өн­діру; дақылдардың суару режимін зерттеу, суды бөлу мен басқаруды авто­мат­­тандыру, тамшылатып және жаң­быр­латып суару әдістерін жетілдіру маңызды. Өндіріс орындары мен үй-жай шар­уа­шылығының ағынды лас су­ла­рын мелиорацияда пайдалану мүм­кін­діктерін зерделеу, органикалық егіншілікті, дәлдік технология эле­менттерін зерттеу, жылыжай жағ­дайында және ашық топырақта кө­көніс-бақша дақылдарын өсіру барысында аймақтың биоклиматтық әлеуетін тиімді пайдалану, жаңа ағаш түрлерін жерсіндіру арқылы дендропарк үлгісін жасау, т.б. ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-экспе­ри­менттік  жұмыс­тарды жүргізу.

Төртіншіден, Сырдариядан бастау алатын «Жібек жолы» каналынан аяқсу алу шараларын жүзеге асыру. Өйт­кені, бүкіл Орталық Азияның егін шаруа­шы­лығының нәрі – өзендер суы.

Бесіншіден, қазіргі заманғы авто­мат­тандырылған метеостанса қою арқылы жаһандық жағдайдағы өңірдің климат параметрлерінің өзгеру дина­ми­касын ұзақмерзімді бақылау. Со­ның нәтижесінде қор­шаған ортаның өзгерістеріне негіз­де­мелер, болжамдар жасау әрі аймақтың экологиялық жағ­дайын  жақсарту жолдарын кешенді зерттеу.

Алтыншыдан, ғылыми зерт­теу­лер­дің нәтижелерін шаруа­шылықтарда тираждау арқылы қосымша табыс табу және оқытушы-профессорлар, студенттер, магистранттар мен док­торанттардың ғылыми еңбектерін (моно­графиялар, жоғары импакт-фак­торлы басы­лымдардағы мақа­ла­лар, курстық және біліктілік жұ­мыстары, оқу және әдістемелік құ­рал­дар) жариялау. Мұның барлығы – университет рейтингісін көтеретін көрсеткіштер.

Жетіншіден, орталық периметрін абаттандырудың кешенді шараларын қолға алу. Болашақта жарық шамдары орнатылып, демалатын орындықтар мен субұрқақтар қойылып, ғылым-білімнің тұңғиығынан сусындаған жастар мен маңайдағы тұрғындардың экологиясы жайлы, ауасы таза жерде серуендеп, дене шынықтырумен айналысуына және салауатты өмір салтына ұстануына мүмкіндік тумақ.

Қазіргі күні әлемді жайлаған індет қоғамның құндылықтар жүйесін өзгертті. Бірінші кезекке азық-түлік проблемасы, оның ішінде адамзат үшін ең маңызды деген тамақ өнімдерінің қолжетімділігі шығып отыр. Нақты объективті ақиқат сол – бұлардың барлығы ауыл шаруашылығы өндірісіне тиесілі. Сондықтан, біз әңгі­мелеп отырған аграрлық ғылым мен білім орталығының азық-түлік өнімдерінің технологиясы, агрономия, су ре­сурстары және суды пайдалану, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау, жерге орналастыру, кадастр, органикалық заттардың химия­лық технологиясы білім беру бағдар­ламалары бойынша озық білім мен технологияларды игерген кадрлар даярлау ісіне  қомақты олжа салатынына сенімдіміз.

Жалпы, мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті. Жалаң теорияны оқып, практикалық сабақтарды вир­туалды  өткен аграрлық сала сту­дентінен білікті маман шыға қоюы неғайбыл. Қалай алып қарасақ та көзбен көріп, қолмен ұстаған білім ғана сіңімді. Ендеше, агробиологиялық орталықтың атқаратын рөлі өте маңызды демекпіз.

Серікбай  ӨМІРЗАҚОВ,

ҚР АШҒА академигі,

техника ғылымдарының докторы,

Қали ОМАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 

«Экология және ауыл шаруашылығы

 проблемалары»  ҒЗИ директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<