«Бар ғұмырым мектеп пен балаға арналды»

2456

0

Бірде ұстаздан «қанша балаңыз бар?» деп сұрапты. Сонда ол: «Санынан жаңылдым, өйткені менің балаларым көп» деген екен. Осы сөз Марк Захарович Подольскийге арнап айтылған іспетті. Алпыс жыл мұғалім  болған, ширек ғасыр мектеп директоры  қызметін атқарған осы бір жанды жиырма жастағы жігіттен бастап, сексендегі қартқа дейін ұстаз тұтады. Оның осы жылдар бедерінде алған атақ, марапат, дәрежесін тізбектеп қажеті жоқ, бір басына жетерлік.

Марк Захаровичпен болған біздің сұхбатымыз ақсақалдың 90 жылдығы қарсаңында өтті. Алғашында үлкен кісі ғой, жадына салмақ түсірермін, шаршатып алармын  деп ойлағанмын. Сөйтсем жады әлі де жарқырап тұр. Бойы ойына сай ширақ, шау тартқан түгі де жоқ. Әңгімесінде жастық шағынан бастап, соғыстан кейінгі Қызылорда қаласының тарихына дейін  шолу жасап өтті.

– Балалық шақ пен туған жер туралы айтыңызшы…

– Мен 1932 жылы 25 ақпанда Киев облысы Смела деген қалада дүниеге келдім. Әке-шешем сол жердің тумалары, әкем – тігінші, анам – үй шаруасындағы адам. Балалық шағым ауыр аштық, соғыс, қираған кезеңге тап келді. 1942 жылы отбасымыз көппен бірге Уралдың Медногорск қаласына, сосын Донбассқа эвакуацияланды. 1946 жылы әкемнің  Сырдағы  таныстарының айтуымен, Қызылорда қаласына көшіп келдік. Көп уақытқа дейін пәтер жалдап тұрдық. Мен Ленин атындағы мектептің 6-сыныбында оқуымды жалғастырдым. Бұл мектеп ол кезде тек ер балаларға арналған болатын. Осы жерде 7-сынып бітірдім. Сосын Қарағанды облысына қарасты Федорова қыстағына келіп, кәсіптік-техникалық  училищеге оқуға түстім. Бір жылдан соң көлік жүргізуші мамандығын  алып, Дувобка қыстағында жұмыс істедім. Сол кезде  жасым 17-де еді.

1949 жылы Қызылордаға оралдым. Осы жылы Қызылорда қаласындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, онда бір жыл оқыдым. Бұл оқу орны  қазіргі орталық  алаңның жанында болатын.Техникумда оқи жүріп кешкі мектепте білімімді жалғастырдым. Мен үшін ең маңыздысы – стипендия  төленетіні еді. Осылай онжылдықты бітіріп, аттестат алдым.

1952 жылы Н.Гоголь атындағы пединститутқа оқуға түсіп, 1956 жылы орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Ол кезде жоғары оқу орнын бітіргендер екі жыл міндетті түрде ауылдық жерде қызмет етуі тиіс еді. Мені Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданына жіберді. Ол кезде ауданның орталығы Абай базар деп аталатын. 1958 жылы Қызылордаға қайтып келіп, №411 (қазір №120) мектепте жай мұғалім болып, сосын оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқардым. 1975 жылы мені Ворошилов атындағы  №3 орта мектепке ауыстырды. 1978 жылы №198 мектепке оқу ісінің меңгерушісі, сосын мектеп директоры  болып, 2002 жылға дейін қызмет атқардым. Сонан кейін мұғалім болып 2013 жылға дейін еңбек еттім.

– Айтыңызшы, ол кезде Қызылорда қаласы  қандай еді?

– Қала ол кезде шағын болатын. Жасыл желегі көп, жеміс ағаштары мол, көшелерінде сылдырап су ағып жататын. Сондықтан болар Қаратоғай, Зеленая көшелерінің осылай аталуы. Қала негізі бір қабатты үйлерден тұрды, екі қабаттысы сирек еді. Көбісі – сабаннан соғылған үй мен жер кепелер. Қыста қар қалың жауған кезде адамдар үй үстіне шығып, қарын күрейтін. Автобустар болған жоқ. Жарық болса да жоқ. Май шам мен балауыз білтелерді пайдаланатын. Көмір орнына сексеуіл жағатын. Он-он бес шақты ғана көше болды. Есте қалғаны Қазақ, (қазіргі Әуезов) Қарақалпақ, Шымбай, Журба, Банк көшелері, тағы басқа. Бүгінгі қала басшылары осы ескі атауларын әр көшенің  бас жағына  тақтайшаға жазып іліп қойса, дұрыс болар еді. Өйткені бұл біздің тарихымыз ғой. Қалада екі кинотеатр болды. Жазғы Октябрь және Теміржол клубы. «1 Май», Ленин, №411, Ворошилов, Осипенко, ВЛКЖО-ның 25 жылдығы, №6, қала шетінде Жамбыл атындағы жетіжылдық №140 мектеп орналасқан еді.

Мектеп – сабақ  беретін ғана емес, сабақ  алатын да орын. Әлі есімде, бұл 1958 жылдың 1 қыркүйегі еді. Алғашқы сабағым  6-сыныпта (№411) орыс тілі мен әдебиетінен екі  және сынып сағаты – барлығы үш сабақ өткізуге жіберген. Шулап жатқан оқушылар түрегеліп тұр, 42 бала. Мен  маған сәлем беру үшін түргеліп  тұр екен деп ойладым. Бірақ олар отырмады, тұра берді. Сыбыр-сыбыр, жыбыр-жыбыр. Мен де тұрмын, олар да тұр. Осылай біраз уақыт өтті. Осы кезде мектеп дәлізімен өтіп бара жатқан директор Бондоренко есіктен бас сұғып:

– Марк Захарович, бәрі дұрыс па? – деді.

– Бәрі дұрыс, – деп жауап бердім.

Директор бірдеңе дұрыс емесін әлбетте сезді. Бірақ сол жағдайдан өзі жол тауып шықсын деген оймен кете берді-ау. Қоңырау соғылды, үзіліске шыққан жоқпыз. Келесі үзіліске де шыққан жоқпыз, қақшиып тұрмыз. Үшінші сабақтың аяғына таман балалар шаршады білем, ақыры отырды.  Мен осы кезде «Саламатсыздар ма, балалар! Осымен сабақ бітті» деп сыныптан шығып кеттім. Осы оқиғаны мен де, балалар да қайтып еске алғанымыз жоқ. Десе де, айта кеткенім жөн болар, бұл балалар – «Шанхайда» тұратын әртүрлі тағдырлы, ерте есейген, жан-жақтан көшіп келген шешен, грек, татар сияқты ұлт өкілдерінің тентектері  ғой. Кейін көп жылдар өткен соң  алдыма жас мұғалімдер жылап келгенде «Сыныбыңа бар, сабағыңды жалғастыр. Болмаса, мектепте жұмыс істей алмайсың, қалқам» дейтінмін. Осы ұстанымның көп көмегі тиді.

Бірде жоғарғы сынып оқушыларына арналған жаңажылдық кеш өткіздік. Кеш соңында алты баланың курткасы жоғалғаны туралы хабар айтты. Бұл – біз үшін төтенше жағдай, арты үлкен айқай-шуға  ұласатын жайт. Не істеу керек? Не болғанда да бұл оқиға өз ішімізде қалғанын қаладым. Балалардың өзінен көмек сұрауды жөн санадым. Өзім сырттай байқап жүретін  бір бала бар еді, ортасында беделді, қатарластарын  өз аузына қарата алатындай қабілеті бар сияқты көрінетін. Оңаша шақырып алып: «Саған бір өтініш, маған көмектес. Бұл жағдайға байланысты мен қатаң сөгіс аламын. Бұл – бір, екіншіден, бұл – біздің мектебіміз үшін қара таңба, масқара» дедім. Бала үнсіз кетіп қалды.

Үшінші қаңтар күні мектеп ауласында әлгі бала мені күтіп тұр екен. «Марк Захарович, куртканың бесеуі табылды, иелеріне қайтарылды. Алтыншысы мұғалімдер бөлмесінде ілулі тұр» деді. Көп ұзамай алтыншысының иесі де табылды. Бұл оқиға мұнымен бітпеді. Бір аптадан соң мені прокуротураға шақырды. Сөйтсем, ата-ананың бірі арыз жазыпты. Онда «Подольский деген мұғалім куртка ұрлаған баланы біледі, оны қорғап жасырып отыр» депті. Тергеушіге  берген түсініктемемде бір баланың көмектескенін, бірақ оның аты-жөнін атамайтынымды жаздым. Бұл сөзіме тоқтамаған ол  мені жетектеп прокурорға апарды. Прокурор Абдрахманов деген кісі еді, мені тыңдап болғасын «Балаларды  түгелдей бір жерге жинап алып, көмек сұрадым. Сондықтан нақты кінәлі адамды табу мүмкін болмады  деп түсініктемені қайта жаз» деді. Солай еттім.

(Жалпы, біз білетін Марк Захарович ширек ғасыр №198 мектепте директорлық қызмет атқарған кезде бірде-бір мұғалімге не оқушыға жұрт көзінше  немесе  бұйрықпен сөгіс беріп көрмеген екен. Оның ең басты тәрбие қаруы – жеке сөйлесіп, жіберген кемшілігін айтып, оны болашақта болдырмау жағын түсіндіру).

– Кезінде пионервожатый болдыңыз. Сол кезде өз әкесін сатқан Павлик Морозовты мақтадыңыз ба?

– Иә, мақтағанда қандай! Әкесін ұстап бергені дұрыс болған екен  деген сенімде болдым. Көрдіңіз бе, осыдан-ақ біле беріңіз советтік идеологияның құдіретін!

– Қалай ойлайсыз, бүгінгі мектептерде педагог әйелдердің үлесі тым артып кеткен жоқ па?

– Сұрағыңыз орынды. Бүгінгі шындық соған келіп саяды. Бір кезде біздің мектепте үш-ақ еркек болдық. Мен, еңбек және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бұл жерде әйелдерді нашар педагог деуден аулақпын. Дегенмен, жалпы тәрбие мәселесінде еркектің шоқтығы биік.  Мектепте де, отбасында да. Бүгінгі балаларымыз  ақылды, білімді, дарынды. Бірақ олардың бойына еркекке тән мінезді, өжеттік пен жігер дарытпасақ еңбегіміздің еш болғаны емес пе?

Тағы бір жайт есіме түсіп отыр. Біздің бір оқушы оныншы сыныпты бітіретін жылы автокөлік дөңгелегін ұрлағаны үшін істі болатын болды. Оған сотталып кету қаупі төнді. Араша түсер ешкімі жоқ. Іске өзім араластым. Сөйтіп сотқа өтініш жазып, қоғамдық қорғаушы болуға сұрандым. Маған рұқсат берді. Сотта сөйлеген сөзімде «бұдан бұлай оның ұрлық жасамайтынына кепілдік беремін» дедім. Тіпті көңілім бұзылып, көзімнен жас шығып кетті. Осы айтқандарым әсер етті ме, сот оны босатты. Сол жылы бала оқуын бітіріп, аттестат алды. Сот залынан шыққанда байқағаным, сыныптастары сотқа түгелімен келіпті. Тағы бір аңғарғаным, достары оған су жаңа киімдер әкеліп киіндіріп қойыпты. Менің топшылауымша, бұл бала басқа біреудің әсерімен өзгенің ұрлығын мойнына алған сияқты. Кейін ол өз орнын тауып, адам болып кетті.

– Сіз директор болған жылдары мектеп өміріне біршама жаңалықтар енгізіпсіз. Жақсы оқыған оқушыларды қолдап стипендия бердіңіз.  Асық, ләңгі сияқты ойындардан жарыс өткізіпсіз. Бүгінгі мектеп директорлары арасынан неге осындай жаңашылдықтарды аз көреміз?

– Бұл жұмыстарды  жаңашылдығым тасып, озат болуды көздеп ұйымдастырған жоқпын. Қазір де, бұрын да бастамашылдыққа тыйым болған емес. Тек өз ісіңді сүйіп, қателесуден қорықпа, алға ұмтыл.  Мысалы, біз тұрғын үй басқармаларымен бірге «Спорттық отбасы», «Аспаздар отбасы», «Әншілер отбасы» деген сияқты  жарыстарды көп өткіздік. Осындай іс-шараларды қазір де ұйымдастырса, ешкім кедергі болмас.

– Марк Захарович, ләңгі жарысына  нақты тоқтала кетесіз бе? Мен мысалы  ләңгімді тартып алған мұғалімге әлі күнге  дейін өкпем қара қазандай…

– Иә, ондай болған. «Ләңгі ойыны зиян. Аяғың қисық болады, омыртқаң бұзылады» деген сөздер бекер. Соғыс жылдары ләңгіні өзім де көп ойнағанмын. Бірде сол есіме түсіп, осы ойыннан мектепте жарыс өткізуді қолға алдым. Ойынның толық ережесін сақтау үшін барынша тырысып бақтық. «Бір аяқ», «қос аяқ» және «люр» әдістері бойынша жеңімпаздарды анықтадық.Бір қызығы, бұл жарыста жоғары сынып оқушыларынан гөрі, 7-8 сынып түлектері мықтылық танытып, алғашқы үш орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға жүлделер бердік. Айтпақшы, бұл туралы «Караван» газетінде мақала да шықты. Ұмытпасам, бірінші орынды Жаппасбаев деген бала жеңіп алды. «Сол жарыс менің өмірімдегі бір ұмытылмайтын оқиға болып қалды» деген болатын ол кейін бір кездескенде

– Сіз учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы болған кезіңіз есіңізде ме? Сол кезде басшылар тарапынан сайлау нәтижесін бұрмалауды сұрағанда  көнбеген бірден-бір директор болыпсыз, сол рас па?

– Ондай адам жалғыз мен ғана  деу әбестік болар. Бір рет ондай жағдай орын алғаны шын. Бас тарттым, сол кезден бастап сұрамайтын болды. Сайлау комиссиясының төрағасы болған кездерімде сайлау заңының шеңберінен шыққан емеспін. Бір сайлауда өз учаскемде комиссия мүшелері толықтай өз мұғалімдерім  болғанына қарамастан,  депутаттыққа түскенде бәсекелесімнен оңбай жеңілгенім бар.

– Белсенді депутат бола  алдыңыз ба?

– Шынымды айтайын, белсенді депутат болдым дей алмаймын. Сессияларда  жоғарыдан түскен күн тәртібін талқылаудан әрі аса алмадық. Көбінесе «иә» деп бас шұлғып отыра бердік қой. Бір жолы марқұм Шайхслам Серікбаев екеуміз облыстық туберкулез ауруханасының жағдайын тексердік. Тоқсаныншы жылдардың қиын шағы еді. Палаталарды аралағанда науқастардың өздері тамақ дайындап жатқанын көріп аң-таң болдық. Бұларың не десек, бас дәрігердің орынбасары бюджеттен  әр науқастың  тамағына  бөлінген қаржы мардымсыз, күніне отыз теңгенің шамасында. Көрген жайды сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жеткіздік. Шара қолданып, ауру басына күніне  жүз жиырма теңге бөлінетін болды.

– Болашақта сіздің атыңызбен бір көшені атаса, қарсы болмайсыз ба?

– Жоқ және жоқ. Ағымнан жарылып айтайын, қарсымын. Бұл – кеңестік дәуірден қалған жарамсыз дәстүр. Екі-үш онжылдықтан соң жаңа толқын келіп тың  өзгерістер  жасайды. Көшелерде Парасат, Шапағат, Шарапат, Мейірім, Ынтымақ  деген текті атаулар басымдық алады деп ойлаймын. Оларды нөмірлесе де артық болмас еді.

– Сіздің хоббиіңіз?

– Ешқандай  хоббиім жоқ. Хоббиім – тек мектеп пен бала. Менің өмір бойғы маршрутым біреу болды. Таңертең сағат сегізде мектепке барамын, кешкі жеті-сегізде сол жолмен үйге қайтамын.

Әңгімелескен

Сағат Жүсіп

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<