Білім беру үдерісі үздіксіз жалғасуда

774

1

Пандемия кезеңіндегі оқу үдерісін ұйымдастыру білім алушылардың, ата-аналардың және педагогтардың алдына үлкен міндет жүктеп келеді, бұлстуденттердің білім деңгейіне, білім сапасына деген үлкен жауапкершілікті талап етеді.


Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқу үдерісі толықтай қашықтықтан оқу технологиясына көшірілді. Осыған сәйкес аталған технология бойынша барлық пәндер қашықтықтан оқытылып, 1120 бейне дәрістер дайындалып, YouTube каналына және университет білім алушыларының негізгі оқу платформасы болып табылатын Platonus ақпараттық жүйесіне жүктелді. Сабақтарды өткізу кезінде профессор-оқытушылар Platonus, MicrosoftTeams, Ciscowebex, Googlemeet, Googleclassroom, Zoom сияқты платформаларды меңгеріп, қолданып келеді. Оқу сабақтарын сапалы өткізу мақсатында Platonus ақпараттық жүйесінде «тапсырмалар» және «Онлайн Прокторинг жүйесі» лицензиялық модульдері сатып алынды. Оқу үдерісін 448 оқытушы, оның ішінде 18 ғылым докторы, 162 ғылым кандидаты, 28 PhD докторы және 167 магистр жүзеге асырады.


ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан дайындалып бекітілген нұсқаулықтарға сәйкес қашықтықтан оқыту кезінде оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша білім алушылардың аралық және қорытынды бақылауын, сонымен қатар қорытынды аттестаттауын қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы жүргізу бойынша өткізу жөнінде университетішілік нұсқаулықтар дайындалып, университеттің академиялық саясатына тиісті толықтырулар енгізілді.


2020 жылдың 3-4 тамыз аралығында «Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру технологиялары және цифрлық білім беру құралдары» атты университетішілік вебинар өткізіліп, профессор-оқытушылар құрамының өзара тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасалды. Ал 17-19 тамыз аралығында университет профессор-оқытушыларға «Білім берудің цифрлық трансформациясы: теория, практика, тәжірибе» атты университетішілік вебинар өткізілді. Назарбаев университетінің тәжірибесін оқу үдерісіне енгізу мақсатында бірлескен оқу-вебинарлары ұйымдастырылып, ғалымдардың біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік жасалды. Қазіргі таңда 338 оқытушы өзінің сабақ беретін пәндері бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтті.


Білім алушылардың, ата-аналардың және қызметкерлердің сұрақтарына дер кезінде жауап беру мақсатында «Call – центр» құрылып, жұмыс жасауда. Білім алушылар мен оқытушылардың қашықтықтан білім беру технологияларына бейімделуін анықтау мақсатында 2020 жылдың мамыр айында университет оқытушылары мен білім алушылары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Бұл сауалнама негізінде ауыл аймақтарда Интернеттің сапасы төмен немесе жоқтығы және компьютерлік техниканың болмауы немесе жеткіліксіз болуы проблемасын анықтады.

Барлық білім алушылардың арасында компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу нәтижесінде 39 студент анықталып, оларға университет жатақханасында тұруға жағдай жасалынды. Интернет жылдамдығы 200 Мбит/сек-тен 500 Мбит/сек-ке дейін арттырылды. Пандемия кезінде қабылдау комиссиясы қашықтықтан жұмыс жасауға мәжбүр болды. Бұл жағдай ата-аналарға да, мектеп бітіруші түлектерге де болашақ мамандығын таңдау жолында оңай болмағаны рас. Соған қарамастан 1 қыркүйекте университетке 2525 білім алушы қабылданып, университет бойынша барлық білімалушылар саны 6242 жетті. Мемлекеттік грант негізінде қабылданған білім алушылардың саны 715 құрады. Аз қамтылған, көп балалы отбасыбалаларын қолдау мақсатында Қызылорда облысы Әкімі тарапынан 107білім гранты бөлінді.


Ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатын «Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы үш қадамды жоспарын» жариялады, бірінші қадамда ол мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша оқытушылардың ғылыми дәрежелілігіне, штатқа, біліктілікті арттыруға және базалық білім беруге қатысты талаптарды қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл жоғары оқу орындарына практикалық қызметкерлерді көбірек тарту қажеттілігіне, сонымен қатар, білім беру сапасын арттыруға және оны практикаға бағдарландырумен байланысты болды.

Екінші қадамда мемлекеттік грант құнының артқанымен, ақылы негізде білім алушылардың оқу ақысына әсер етпеуі керектігі айтылса, үшінші қадамда ЖОО-дарының дербестігі, соның ішінде өңірлік жоғары оқу орындарының мәселесі сөз болды. Бұл бағыттар жоғары оқу орындарына қойылып отырған талап пен қолдаудың көрінісі деп айта аламыз.


Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде білім беру бағдарламалары тізілімінде 126 Білім беру бағдарламасы іркелген, оның ішінде бакалавриат бойынша – 78, магистратура бойынша – 35, докторантура бойынша – 13.


6В07155 (5В071800) – Электр энергетикасы білім беру бағдарламасынан басқа барлық білім беру бағдарламалары бойынша оқыту қашықтықтан оқыту технологияларын қолдана отырып, онлайн форматта жүргізіліп келеді. «Электр станциялары мен қосалқы станциялар» және «электр қондырғыларындағы Еңбекті қорғау» пәндері бойынша 3-4 курс студенттеріне арналған зертханалық және практикалық сабақтар оффлайн режимде өтеді. Сондай-ақ, оффлайн режимде «дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының студенттері үшін оқу-жаттығу сабақтары, спорт түрлері бойынша университеттің құрама командаларының қатысушы студенттері үшін спорттық секциялар өткізіледі. Университетте үш тілде мамандар даярлау бакалавриаттың 16 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі, мұнда 469 студент білім алуда.


2020-2021 оқу жылында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен 59 білім алушы білім алды. (43 білім алушы сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польша, Болгария, Түркия және Корея елдерінде оқиды).


Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Ресей, АҚШ, Германия, Түркия, Болгария және Корея елдерінен 7 шетелдік ғалым шақырылды. Университетте білім алушылар мен ПОҚ-ның шет тілдерін білуін арттыруға тұрақты көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта Корея бұрышы, TOEFL Аймақтық тестілеу орталығы құрылды, ағылшын тілі, корей тілі, қытай тілі және араб тілі курстары ұйымдастырылуда. Серіктес жоғары оқу орындарымен бірлесіп, шет тілдері бойынша курстар өткізу үшін оқу орталықтарын құру мақсатында ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен, сертификатталған келесідей оқу орталықтарын ашу жоспарлануда: түрік орталығы, Қытай орталығы, Араб орталығы және университет студенттері мен оқытушыларына арналған Үнді орталығы.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасында 5В011200 -«Химия» және 6В01202 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламалары бойынша2020 жылдың 21-23 мамыр аралығында ХІІ Республикалық студенттік пәндік олимпиада пандемия жағдайына байланыстыонлайн форматта өткізілді. 5В011200 – «Химия» білім беру бағдарламасы бойынша 22 жоғары оқу орнының студенттері қатысса, 6В01202 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша 15 жоғары оқу орнының студенттері қатысты.


2020 жылы университеттің 77 кафедра филиалдарымен тығыз байланыс нәтижесінде оқу процесіне Қызылорда облысының кәсіпорындары мен мекемелерінен 35 жетекші мамандар тартылды, олардың ішінде ұйымдардың директорлары, бас мамандары, цех бастықтары, зертхана меңгерушілері, аға тергеушілер, журналистер және т.б.. 2021 оқу жылында Қызылорда облысының полиция департаменті, «Қызылорда автобус паркі», «Мағжан және К» ТЖ, «Сыр Маржаны» ЖШС, «РЗА-Агро» ЖШС сияқты кәсіпорындарда кафедра филиалдарын ашу жоспарлануда.


2020-2021 оқу жылының 2 қараша мен 27 қараша аралығында 1 курс білім алушылары үздіксіз педагогикалық, оқу практикалары аралас форматта ұйымдастырылды.


Оқу практикаларынан өту үшін екі жақты келісім-шарттар негізінде 621 білім алушының 176 білім беру ұйымдарына, 1 Акционерлік қоғамға, жіберілді. Студенттерге өздерінің түрғылықты елді-мекендеріндегі мекемелерде практикадан өтуге мүмкіндік берілді.


Биылғы жылы жоғары білім жүйесіндегі ең маңызды және жаңа реформа – жоғарғы оқу орындарының өзіндік үлгідегі дипломдар беретіндігі. Ол білім беру қызметтерін ұсыну сапасы үшін университет алдындағы жауапкершілікті арттырып отыр.


Грант құны өскенімен, университетте ақылы негізде білім алатын студенттер үшін оқу ақысы өскен жоқ, кейбір бағытта қажеттілікке байланысты оқу ақысын төмендеткен жағдайларда болды. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында 256 студенттің оқу ақысына түрлі көлемдегі (25%, 50%, 100%) жеңілдіктер жасалды. Соның ішінде талантты студенттерді қолдау мақсатында мектеп оқушылары арасында облыстық деңгейде өткізілген пәндік олимпиада қорытындысымен университет ректорының 3 гранты берілді. Студенттерді түрлі өндіріс орындары тарапынан өткізілетін жобалар мен байқауларға қатыстырып, 56 студентке демеушілердің есебінен білім алуына мүмкіндіктер жасалды.


Педагогикалық мамандық білім алушылардың шәкіртақылары өсті. Педагог мәртебесін арттыру мақсатында педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларына түсудің шекті баллы 70 балл болып белгіленгенімен, бұл осы бағытты тағдаған талапкерлерге кедергі болған жоқ. Керісінше биылғы жылы осы оқу бағытына талапкерлер саны 439-дан 663-ке дейін өсті. Жоғары оқу орындарының рейтингін айқындайтын басты көрсеткіш түлектердің жұмысқа орналасуы. Бүгінгі күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Қызылорда облысы бойынша филиалынан алынған мәлімет бойынша 2020 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу пайызы 91% құрап отыр. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіш университеттегі білім беру сапасының деңгейінің және кәсіби құзіреттелікті игерту дағдыларының қалыптасқандығының, ал ол жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігінің көрінісі деп қабылдауға болады.
Коронавирустық пандемия жағдайында қашықтықтан оқытуға көшудің алғашқы күндерінен бастап кітапхана университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау бойынша ақпараттық қызметтерін күшейтті. Университет сайтында (https://lib.kgu.kz) және кітапхананың әлеуметтік желілердегі парақшаларында Ұлттық база ресурстары мен қызметтері туралы барлық ақпарат орналастырылды. Білім алушылар мен профессор-оқытушылардың сұраныстары бойынша кітапхана қызметкерлері жинақтаған электрондық кітапхана қолжетімді. Күн сайын кітапхана қызметкерлері толық мәтіндерге қол жеткізу үшін пайдаланушыларды «КАБИС электрондық кітапханасында» қашықтықтан тіркеуді жүргізеді.


Қазіргі күні оқу үдерісі университетте қашықтықтан оқыту технологиясын қолдану арқылы жүргізіліп келеді.
2020-2021 оқу жылының екінші академиялық кезеңінде оқу үдерісібірінші және төртінші курстарда аралас оқыту форматында, екінші және үшінші курстарда педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар бағытындағы, журналистика, бизнес, басқару және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыттары бойынша онлайн форматта, техникалық, өнер, жаратылыстану ғылымдары, ауылшаруашылық бағыттары бойынша аралас форматта ұйымдастырылатын болады.

Абайбек ЖҮНІСОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры

Пікірлер:

Пікір жазыңыз